Жылжымалы көрме қарағандылық оқушыларға «Алаш» қайраткерлері туралы баяндамақ
Қарағанды мектептерінде «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілеріне арналған көрме өтуде. Онда партия белсенділері туралы баяндайтын кітаптар мен фотосуреттер, құжаттар жинақтары, стендтер ұсынылды.
Ұйымдастырушы – Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті.
– Көрме ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтуде. Оны «Алаш арыстары. Санкт-Петербург іздері» кітабы бойынша дайындадық. Оқушыларға «Алаш» қозғалысының белсенділерінің жұмысы туралы айтып, дәріс оқимыз, – дейді «Тұлғатану» орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Нұрсахан Бейсенбекова.
Көрме №34 мектепте, Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектепте, Н. Нұрмақов атындағы орта мектепте өтті. Онымен 8–9 сынып оқушылары танысты. Олар үшін саяси қуғын-сүргінге ұшыраған «Алаш» зиялыларының рухани мұрасы туралы дәрістер оқылды. Сондай-ақ, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері туралы айтылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көшпелі көрме Тәуелсіздік күніне дейін жалғасады.