Жақсының жақсылығын айт
Өзінің туған жері мен өскен ауылы үшін еңбек етіп, оның көркейіп, дамуына үлесін қосып жүрген кәсіпкерлер көп. Солардың бірі – «Сұңқар 2015» ЖШС басшысы, «Заря» ҚСФШ басшысы Виктор Летута.
Туған жерінде өркен жайып, шаруасын дөңгелетіп отырған Виктор Николаевич еткен еңбегін елге арнауды мақсат тұтқан жан. Жергілікті кәсіпкер ауылды абаттандыруға айрықша көңіл бөлуде. Жуырда Жеңіс саябағының аумағын қалпына келтіруге мектептің, басқа да бюджеттік ұйымдардың аумағындағы күл-қоқысты шығаруға көп көмегін көрсетті. Сұңқарлықтардың мәселесіне немқұрайлы қарамай, ауылдың ішкі жолдарына грейдерлеу жұмыстарын жүргізді.
Ауылына бауырмал кәсіпкер мерекелерді ұйымдастыруға және оларды өткізуге өз үлесін қосып, демеушілік жасауда аянған емес. Зейнеткерлерге қамқорлықпен көңіл бөліп, халықтың әлеуметтік осал топтарына жан-жақты көмек көрсетуде.
Виктор Николаевич жасаған игілікті істерін, жақсылығы мен жомарттығын айтып, жар салмайтын азамат. Тұрғындардың қамын ойлап, оларға жәрдем көрсету оның өмірлік ұстанымы.
Гүлім Сембай