Жаңадан сайланған әкімдер қызметтеріне кірісті

25 шілдеде Осакаров ауданының 8 ауылдық округінде әкімдер сайлауы өткен болатын. Биыл алғаш рет әкімдерді тұрғындардың өздері таңдады. Каратиндік талап ережелері сақтала отырып, өткен науқандық шараға ауыл тұрғындарының 88 пайызы қатысып, өз даусының маңыздылығын көрсетті.
Сайлау Батпақты, Есіл, Қаратомар, Маржанкөл, Мирный, Родников, Сарыөзек, Шідерті ауылдық округтерінде болып, 25 кандидат қатысты. Аудан әкімі Нұркен Кобжановаталған ауылдарға арнайы барып, ең көп дауыс жинаған кандидаттарды жергілікті қауымдастық мүшелері және ауыл белсенділерімен таныстырды.
– Халық сенім білдірген соң, ел игілігі үшін жұмыс істеу сіздердің басты міндеттеріңіз. Алға қойған тапсырмаларды жүзеге асыру мақстатында асқан жауапкершілікпен қызмет ету керек. Жергілікті қауымдастықпен бірге туындаған мәселелерді шешіп, оларды үнемі бақылауда ұстау, тұрғындардың өтініштеріне жедел түрде жауап беріңіздер, — деді аудан әкімі Нұркен Кобжанов.
Өткен сайлау қорытындысы бойынша Батпақты ауылдық округінің әкімі болып Оны «Nur Otan» партиясы ұсынған Ардақ Қажымұратұлы Жапаров сайланды. Ардақ Қажымұратұлы 1986 жылы 25 шілдеде Қарағанды облысы Нұра ауданында дүниеге келген. Әкім лауазымына тағайындалғанға дейін ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары болған.
Есіл ауылдық округінің әкімі қызметіне 756 дауыспен Аягөз Оразбайқызы Бутеева өтті. Аягөз Оразбайқызы 1985 жылы 23 қыркүйекте Ақмола облысы Атбасар ауданы Ново-Александровка ауылында дүниеге келген. 2007 жылы «Экономист-маркетолог», «Тарих»мамандығы бойынша жоғары білімді маман 2017 жылдан Есіл ауылының №2 орта мектебінің директоры болды.
Қаратомар ауылдық округі әкімінің сайлауы бойынша Ержан Нұрғалиұлы Найманбай ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Жеңіске жеткен кандидатты «Ауыл» партиясы ұсынды. Ержан Нұрғалиұлы 1977 жылы 1 қыркүйекте Қарағанды облысында дүниеге келген. ҚарМУ-дің «Эколог»,»қызмет көрсету саласындағы Бакалавр» мамандығын, Қарағанды экономикалық университетін «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2019 жылдан бастап әкім лауазымына тағайындалғанға дейін «Қазақстан Темір Жолы» АҚ филиалы директорының орынбасары қызметін атқарған.
Маржанкөл ауылдық округінің әкімі болып Серікжан Оспанұлы Мусипов сайланды. Серікжан Оспанұлы 1972 жылы 21 тамызда Қарағанды облысының Қаражал қаласында дүниеге келген. Чапаев ауылдық округінің әкімі, «Осакаров ауданы әкімінің аппараты» ММ азаматтық қорғау және төтенше жағдайлар жөніндегі бас инспекторы болып жұмыс істеді.
Мирный ауылдық округінің әкімі қызметіне Игорь Владимирович Генинберг сайланды. Игорь Владимирович 1973 жылы 12 желтоқсанда дүниеге келген. Жоғары білімді, Мамандығы «алғашқы әскери және дене шынықтыру пәнінің мұғалімі». 2018 жылдан бастап әкім лауазымына тағайындалғанға дейін Трудовое ауылындағы мектепаралық оқу-өндірістік комбинатының директоры болды.

Родников ауылдық округінің әкімі болып Дәуренбек Тұңғашбай сайланды. Тұңғашбай Дәуренбек 1990 жылы 17 қарашада Баян-Өлгей ауданында дүниеге келген. 2012 жылы Құрлық әскерлерінің Әскери институтын бітірген. 2014 жылдан бастап әкім лауазымына тағайындалғанға дейін Осакаровка кентінің №1 орта мектебінде бастапқы әскери дайындық мұғалімі болып жұмыс істеді.
Сарыөзек ауылдық округінің әкімі болып Кеңшілік Мусалим сайланды. Мусалим Кеңшілік 1979 жылы 21 қаңтарда Баян-Өлгей ауданында дүниеге келген. 2007 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін «қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. 2014 жылдан Сарыөзек ауылының №21 орта мектебінің директоры болды.
Шідерті ауылдық округінің әкімі қызметіне Аян Айтмағанбетұлы Шарипов 100% дауыспен өтті. Аян Айтмағанбетұлы 1993 жылы 2 шілдеде Қарағанды облысы Егіндібұлақ кентінде дүниеге келген. Жас әкім бұған дейін Молодежный кенті әкімінің орынбасары болып қызмет атқарды.
Өз кезегінде сөз алған жаңа әкімдер ел сенімін ақтауға уәделерін берді. Солардың бірі, Шідертіліктер 100 пайыз қолдаған ең жас әкім Аян Шарипов:
– Мен ауылдың одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына толық жауапкершілікті сезінемін. Ауылдастарымның таңдауы үшін және «Nur Otan» партиясының сенімі үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Мен өз қызметімде ауылды ойдағыдай дамытуға бар күш-жігерімді, білімім мен тәжірибемді жұмсаймын, – деп қолдау көрсеткен тұрғындарға алғысын білдірді.
Ауылдарда өткен кездесулерде аудан басшысы Батпақты, Есіл, Қаратомар, Маржанкөл, Мирный, Родников, Сарыөзек ауылдық округтерінде әкім болған азаматтар мен Шідерті ауылдық округінде әкім болған Надежда Гришаковаға қызметтерін адал атқарып, ауылдың көркеюіне қосқан үлестері үшін ризашылығын білдірді. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің Алғыс хатын табыстады.

Гүлім Сембай

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған