Ядролық қарудан бас тарту: дамудың бейбіт бағыты
Қазақстанның «егемендік шеруі» кезеңіндегі алғашқы шешімдерінің бірі Семей ядролық полигонын жабу және атом қаруынан өз еркімен бас тарту болды. Полигон Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1991 жылдың 29 тамызында жабылып, бұл бүкіл әлемге біздің еліміздің іс жүзінде Тәуелсіздік дәуіріне енгенін білдіретін белгі болды.
Бұл жерде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Семей полигонын Кремльдің еркіне қарсы, өте күрделі геосаяси жағдайларда жапқанын атап өтудің маңызы зор. Ол кезде көбісі бұрынғыша ойлап өмір сүрді және өлім сепкен полигон мен оның инфрақұрылымын өз пайдасына жаратуды көздейтін. Сонымен бірге, елдің өз ішінде қоғамның ең радикалданған бөлігі әлі де «империялық ниетте» екенін жасырмайтын. Кейбір тереңнен ойламайтын «сарапшылар», тіпті саяси санаттағы өкілдер «басқалар бізден қорқуы үшін» ядролық қаруды қалдыруға үндеді. Бірақ қалған әлемнің барлығында Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы зор ықыласпен қабылданды. Президенттің атына алғыс айтылған хаттар мен жеделхаттар ағылып келіп жатты. Сол кездің өзінде көпшілік Қазақстанның 1200 ядролық оқтұмсықтан тұратын әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартатынын түсінді. Тарихта мұндай қадамды әлі ешкім жасаған жоқ-ты! Мен Нұрсұлтан Назарбаевты 1992 жылы Нью-Йоркте БҰҰ-ның 47-ші Бас Ассамблеясында қандай зор қошеметпен, ду қол шапалақтап қарсы алғанын өз көзіммен көрдім. Біздің дауысымыз бір сәтте өте үлкен салмаққа ие болды. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаев біздің қозғалысымызды қолдап, Семей полигонының жұмысын тоқтатуына бар күшін салды. Біз оның әрекеттерін жарияламадық, себебі жариялайтын болсақ зияны тиер еді. Осыдан кейін әлемдегі ең ірі ядролық полигондар: Ресейдегі Жаңа Жер, Қытайдағы Лобнор, Француз Полинезиясындағы Муруроа және АҚШ-тағы Невада тыныштық режиміне көшті. Тәуелсіз саясат жүргізуге мүмкіндік ала салысымен Қазақстан жаппай қарусыздану жөніндегі жаһандық келіссөздерге бейбіт бағыт берді. Кейінірек БҰҰ тарихи күн – 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады.
Төлеутай СУЛЕЙМЕНОВ,
Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш сыртқы істер министрі