Вирусты жеңудің жолы – екпе салдыру
COVID-19 індетімен күрестің ең тиімді де дұрыс жолы – оған қарсы жаппай екпе салдыру. Әлем мойындаған шешім – ұжымдық иммунитетті қалыптастыру. Вакцина – өзіңізді және жақындарыңызды қорғаудың әдісі. Коронавирустың таралу динамикасы бойынша инфекцияны барлық адам жұқтырады екен. Ал оған ағзаңызды алдын-ала дайындап, кем дегенде ішінара иммундық қорғаныспен қамтамасыз ету үшін екпе қабылдаған жөн. Бірақ жалған ақпарат жетегіне еріп, екпе қабылдаудан бас тартушылар сан да азаяр емес.
Қарағанды облысында соңғы екі аптада коронавирустық инфекциямен ауырғандар саны 1,2 есе өсіп, эпиджағдай күрделенді. Облыстың бас санитарлық дәрігері Юрий Залыгиннің Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте 21 тамыздан бастап күшіне енетін жаңа Қаулыда эпидемиологиялық жағдай карантинді жұмсартуға мүмкіндік бермейтінін айтты. Біздің ауданда Қаулыға сәйкес шаралар орындалуда. Нысандардағы жұмыс тәртібі, демалыс күндеріндегі локдаун, көпшілік орындарда бетперде кию, қашықтық сақтау шектеулері де қатаң бақылауда. Облыс бойынша Осакаров ауданы қызыл аймақта.
Вакцинаның тиімділігі және де басқа да сұрақтар бойынша Молодежный кенті ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Сағадатұлы Какенов жауап берді.
- Ауданымызда 1 тамыз бен 19 тамыз аралығында зертханалық диагностика деректері бойынша КВИ-дің 505 жағдайы тіркелген. Аумақтық тұрғыда тамыз айының алғашқы 18 күнінде инфекция жұқтырғандар саны: Осакаровка кентінде – 85, Молодежный кентінде – 146, қалғаны ауылдық округтерге тиесілі. Молодежный кенті бойынша Ковид-19 жұқтырғандар саны неге азаймай тұр, сырқаттанушылық статистикасын келтірсеңіз?
- Ауданымыздың Молодежный кенті өңірі бойынша ковидпен сырқаттанушылық статистикасын келтірсек, 1 апта ішінде 70 – 80 науқасқа дейін барады. Күн сайын 7-ден 22 науқасқа дейін анықталып отыр. Оның ішінде 10 пайыз науқастың жағдайы ауыр дәрежеде. Бұның бірден бір себебі үй ошағы бойынша байланыс. Отбасында бір адамда инфекция жұқтырған болса, ол оқшауланбай, қарым-қатынас жасау арқылы отбасының барлық мүшесіне жұқтырады. Бір адам 10 адамға жұқтырса, оны 100-ге деген жағдай. Короновирусты жұқтырғаннан бастап, науқаспен тығыз қатынаста болған адамдар 14 күнге оқшауланады. Осы мерзімнен соң күнделікті өмір сүру қалпына оралады. Бірақ бұл санитарлық талаптарды сақтамау керек деген сөз емес. Бетперде кию, ара қашықтықты сақтау керек. Өйткені қайталап жұқтыру қаупі бар екенін түсіну керек.
- COVID-19 –ға қарсы вакцина алғандар мен екпе алмаған азаматтардың қандай айырмашылығы бар? Тұрғындар вакцина алсаң да ауырасың, онда ол несіне екпе алу қажет деп, уағыз жүргізгендерге не айтасыз. Вирусты жұқтырып, аурудан жазылғандарға вакцинация қажет пе?
- COVID-19-дың алдын алу бойынша вакцинаның 2 компонентін алған адамда бір жарым ай уақыт өткен соң, қарсы иммунитеті қалыптасады. Бұл дегеніңіз –инфекция жұқтырса да ауруды жеңіл түрде өткереді. Вакцина қабылдамаған жандардың сырқатты ауыр түрде өткеру қаупі жоғары. Екпе алмағандар аурудан жазылған соң, 3 айдан кейін вакцинация жасату қажет. Тағы да қайталап айтамын, инфекцияны қайта жұқтыру қаупі сейілмейді.
- Электронды вакцинация паспортын қолдану қаншалықты тиімді? Қазіргі уақытта сауда орындары «Ashyq» жүйесін енгізіп, сатып алушылар QR код арқылы кіреді. Ал смартфоны жоқ адамдар не істейді?
- Электронды вакцинация паспорты дегеніміз қазіргі уақытта ең қажетті медициналық құжат. Электронды вакцинация паспортын қолданудың көптеген мүмкіншіліктері бар. Ешқандай шектеусіз сауда үйіне, мемлекеттік мекемелерге кіруге болады. Шетелге саяхатқа, оқу орындарына баруға еш кедергі болмайды. Ал смартфоны жоқ кісілер, келушінің мәртебені өз бетінше тексеруге мүмкіндігі болмаса, ЖСН нөмірін айтса болғаны, қызметкер не саудагер «күзетші» режимін қолдана отырып сол арқылы базаға енгізіп, келушінің мәртебесін анықтайды.
- Коронавирусқа қарсы күресудің ең тиімді жолы – екпе салдыру. Осы жайында айтсаңыз…
- Вирусты жеңудің жолы – екпе салдыру. Вакцинациялау ұжымдық имунитетті қалыптастырады. Қазір екпе салдырып жатқан адамдардың саны да артып келеді. Вирустың таралуына жол бермеу үшін осындай жауапкершілікті әрбір азамат сезінуі тиіс. Сонда біз халық болып, вирусқа қарсы тұра аламыз.
Сұхбаттасқан Гүлім Сембай