Тыныштық күзетшісі

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Елдің тыныштығын қамтамасыз етіп, тәртіпті қадағалайтын учаскелік инспекторлардың жүктемесі көп, міндеті ауыр. Оларды  – тыныштық күзетшісі деп те жатады.  Учаскелік инспектор құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында есептегі контингентті үнемі тексеріп отырады. Тиесілі учаскедегі үйлердің қақпасын қағып, тұрғындардың сыры мен мұңына еріксіз куә болатын да осылар. Отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтарға бейім отбасыларды жүйелі бақылап, кәмелетке толмаған балаларының жай-күйін тексеру –  учаскелік инспектор міндеті.

«Халыққа жақын полиция» қағидатын өзіне мақсат тұтқан қызметкерлердің бірі,  учаскелік полиция инспекторы, лейтенант – Серік Омаров. Тәуелсіздік құрдасы Серік Қасенұлы Қарағанды облысы Егіндібұлақ ауданы Ақтасты ауылында дүниеге келген. Бастауыш сыныпты  Осакаров ауданының Уызбай ауылында оқып, кейін  Осакаровка кентінің  №1 орта мектебінде 11 – сыныпты тәмамдады. Отан алдындағы борышын өтеген соң, Құқық қорғау органдарына жұмысқа орналасты. Сегіз жылдан бері осы салада еңбек етіп келе жатқан Серік Қасенұлы үшін жұрттың қауіпсіздігі бірінші орында.

– Полиция қызметкері болу –  менің бала күнімнен бергі арманым еді. Қазіргі кезде азаматтарға өзімнің қызметімді көрсетіп жатырмын. Бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Жалпы бұл қызметті халыққа көп көмегі тиетін сала деп есептеймін, – дейді әмбeбап қызмeткер.

Учаскелік инспектор халық пен полиция арасындағы негізгі байланыстырушы буын. Себебі азаматтардың сенімі – олардың жұмыс сапасына тікелей байланысты. Осындай жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген Серік Омаров өзіне сеніп тапсырылған әкімшілік аумағында қоғамдық тәртіптің сақталуын жіті қадағалап отырады.

Сырт көзге оңай көрінгенімен, бұл қызметтің көпке біліне бермейтін ауыртпалығы көп, жауапкершілігі мол, қиындығы жетіп артылады. Күнделікті жұмысында сан қилы адаммен жолықтыратын қызметтің қаупі мен қатері тағы бар. Үлкен жауапкершілікті арқалаған Серіктің жұбайы оның қызметіне түсіністікпен қарайды. «Орда бұзар отыздағы» жігіт үш ұл тәрбиелеп отыр.

Кәсіби мереке қарсаңында Серікке қоғам үшін аса қажет, адалдық пен қайсарлықты талап ететін қауіпті, жауапты қызметі игілікті болсын деп тілейміз.

Гүлім Сембай

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған