Теміртау карантин тәртібінде қалай өмір сүреді. Жеңіс Қасымбек қалаға жұмыс сапарымен барып қайтты

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Теміртауға жұмыс сапары барысында әлеуметтік нысандар құрылысының барысымен танысып, қала әкімі Ғалым Әшімовпен карантинді жеңілдету жөніндегі жоспарларды талқылады.

Теміртау тұрғындары үшін ең өзекті мәселелердің бірі карантиндік шараларды жеңілдету болып отыр.
12 мамыр күні қалада қоғамдық көлік қозғалысын жандандырып, шағын және орта бизнеске жұмыс істеуге рұқсат берді. Сұлулық салондары, ауданы 500 шаршы метрден аспайтын азық-түлік емес дүкендер, банктер, ломбардтар, жеке медициналық клиникалар ашылды. Мемлекеттік ауруханаларда жоспарлы емдеуге жатқызу қайта басталды.

– Теміртау тұрғындары үшін эпидемиологиялық жағдай бойынша мәселелер сақталатыны туралы ақпарат бергім келеді. Біз қалада COVID-19 жұқтыру ошақтары бар екенін көріп отырмыз. Олар бақылауда. Әрине, аурушаңдық деңгейінің төмендеуі Теміртау қаласында да, облыстың басқа қалалары мен аудандары бойынша да болды. Алайда, Теміртау бойынша жағдай басқа аудандарға қарағанда шиеленіскен. Дегенмен, карантиндік шараларды әлсіретіп, Бизнестің басым бөлігінде жұмысты жандандыруға мүмкіндік беру туралы шешім қабылданды, – деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімі сондай-ақ, шағын және орта бизнес нысандарының ашылуына қарамастан, коронавирустық инфекцияның жаңа өршуіне жол бермеу үшін санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтау қажеттігін атап өтті.

Ғалым Әшімов, өз кезегінде, карантиндік шектеулерге қарамастан, қаланы абаттандыру бойынша жоспарланған барлық жұмыстар атқарылатынын айтты. Мысалы, биылғы жылы Теміртауда 26 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізіледі. Сонымен қатар, үйлердің 95 қасбетін бірыңғай архитектуралық стилді сақтай отырып жаңарту жоспарлануда. Сондай-ақ, қалада жұмыс істемейтін лифттерді ауыстыру жұмыстары басталды. Бүгінгі күні жеті көтергіш орнатылды. Биыл тағы 50 лифті жаңартылады.

Жеңіс Қасымбек жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасына бақылауды күшейтуді және кестеден қалыс қалмауды тапсырды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған