Софы Сматаев – 80 Ұлт киесі: Соғыс өртімен шыр еткен сәби немесе алғашқы сыр
Сіз ұлттық әдебиетіміздің көрнекті жазушысы Софы Сматаевтың кіндік қаны тамған топырағын, өскен ауылын көрмеген шығарсыз. Он мыңнан астам тұрғыны бар Ақадыр стансасынан оңтүстікке қарай 100 шақырымдай жол жүрсеңіз, алдыңыздан «Киік» деп аталатын ауылды кездестіресіз. Темір жол бойындағы шағын станса. Қазіргі кездегі халық саны мыңның айналасында.
Бір ғажабы, ауылдың жанында Мексика фильмдерінде көрсетілетін ежелгі тау түнеріп тұр. Олай дейтінім, ғасырлар бойы табиғаттың небір қитұрқы мінезін басынан кешкендігі тастары мүжілгендігінен байқалады. Әйтсе де талай тарихи сырларды қойнына тығып, тымырайып жатқандығы анық.
Міне, осындай өркениеттен аулақта жатқан, қоңырқай тіршілігімен өздерін бақытты санайтын қазақы ортада 1941 жылдың маусымының 22-жұлдызында, шамамен таңғы 7-де жарық дүниеге Қалыбектің ұлы келді. Нақ осы сәтте Германия фашистері Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасап, Екінші дүниежүзілік соғысты бастаған болатын.
Әлбетте сол сәтте сәбидің ата-анасы соғыс оты тұтанғанын естіген жоқ еді. Жазушы ағаның естелігінде айтылғандай, ауыл адамдары соғыстың басталғаны туралы жаманат хабарды естіген жоқ, есітсе есімін басқаша атар ма еді. Әкесі «Софы» деп үш рет құлағына сыбырлады. Софы – данышпан, дана деген мағынаны білдіреді. Сірә, әкесі ұлының би, шешен, не қаламгер болғанын қалаған шығар.
Екі күн бойы шілдехана тойында мәз-мейрам боп жүрген ауыл халқы үшінші күні жетпіс шақты азаматты жылап жүріп майданға шығарып салған.
Әлбетте соғыс салған ауыртпалық салдарынан Софылар тым ерте есейді. Балалықтың бал күлкісі, шаттану, алаңсыз ойнау дегенді олар көрген де, білген де емес.
Софекеңнің ауылына Ақадыр жағынан ат басын тіреген соң, оң жақтағы дала жолына түссеңіз, елу шақырымнан әрі қарай Бетпақдалаға енесіз. Қарағанды мен Жамбыл облыстарының түйіскен тұсы Тайатқан-Шұнақта қазақтың бас батырларының бірегейі Ағыбай Қоңырбайұлы жерленген. Үзеңгілес достары Дулат, Шопат пен Мамыт батырлардың бейіттері де сол маңда.
Жазушы ағамыз да бала кезінен қасиетті жерді аралап, қарттарға еріп, дұғаға қатысып, қазіргі балалар мән бермейтін тарихи шежірені мұқият тыңдап өсті. Сол кездегі батырлар жайындағы хиссалар бала Софының көкірегіне ұлтына деген сүйіспеншілік сезімін ұялатса керек. Өйткені ол өмір бойы тек өз ұлтына қызмет етумен келеді. Туған жердің киесі бойына дарыған жас жеткіншек өсе келе өз ұлтының ар-намысын тереңнен толғап, өз шығармаларындағы бұлтартпас деректі оқиғаларымен жүз мыңдаған, тіпті миллиондаған оқырманның ой-санасында тың серпіліс тудырды. Бұл – жай құбылыс емес, Софы Сматаев жасаған рухани революция; жүздеген жыл бойы «ұйықтап жатқан» халықты дүр сілкінтіп оятатын поэтикалық қуаты күшті, эпикалық туындылар болатын.
Сөйтіп, туған жерден басталған адами махаббат уақыт өте келе Софы Сматаевты өз ұлтының киелі жазушысына айналдырды.
Мұхтар Әуезовтің ақылы немесе екінші сыр
Тарихқа бай, тұнып тұрған шежірелі өлкеде туып-өскен Софы ағаның ішкі жан дүниесінің де рухани байлыққа толы болмауы мүмкін емес-ті. Әдетте іштегі толғаныстар ерте ме, кеш пе, бәрібір, сыртқа шықпай қоймайды.
Біздің бас кейіпкеріміздің қаламгерлік жолды қалап, Алматыға оқу іздеп баруы да заңдылық. Оның кішкентайынан көзімен көріп, жүрегімен сезінген әсерлі жайттары – Тайатқан-Шұнақ, Қалмаққырған, Өрмекші әулиенің «Сырғанағы», Ақжолтай Ағыбай батыр, оның үзеңгілестері, атасы Жарылғап батыр, т.б. қолына еріксіз қалам алғызды.
Софы Қалыбекұлының қазыналы Қарағанды өлкесінен келгенін, түбінде талантты жазушы боларын сезген данышпан Мұхтар Әуезов «Меніңше, сенің әуелі Мәскеудегі металлургияға қатысты бір институтты тәмамдағаның жөн сияқты» деп ақжарма тілегін айтады. Шындығында алып өндірістерді көрген, көріп қана қоймай, сол жерде еңбек еткен талантты жастың көп-көп нәрсені көңіліне түйері даусыз еді.
Студент Софы да еш сөзге келген жоқ, ұлағатты ұстазының айтқанын екі етпей орындады. Мәскеудің болат және кен қорыту институтын бітіріп шықты.
1961 жылы өзінің ұсынысын қабыл алған ҚазМУ-дің студенті Софыға Мұхтар Омарханұлы ағасы ризашылық көңілмен төмендегі хатты (құжат жазушының жеке мұрағатынан алынған – А.С.) жазады:
Қабыл алсаң, қапы қалмассың
Сарыбала, сен жазушы болам деп жүрсің ғой. Сол болашақ тірлігіңе демеу болар үш тарау ақылымды айтайын. Қабыл алсаң, қапы қалмассың.
Арақты әу баста ем-дом үшін шығарған. Аздап ішсең – дәру, көп ішсең − у. Жөнімен тата білсең, артықтық етпейді ол. Ал қатаң ескертерім: темекіге жолама! Адам ағзасын арылмас дертке ұшырататын кесірлі кеселдің ең зияндысы. Бұл бір.
Жазушының өте бір баға жетпес құндысы – уақыты. Осы құндының аса қас жауы – карта дейтін азарты мол ойын. Ол немең – уақытыңды ұрлаумен қоса достарыңнан ажырататын зәндемінің өзі. Өйткені ұтылсаң – ақшаң болмай, бере алмауың мүмкін. Ұтсаң – қолма-қол ала алмай, араларың суысып кетуі ғажап емес. Сондықтан картадан аулақ бол.
Үшіншіден, біздің жасаған қателіктерімізді қайталамаңдар. Жоғары оқу орындарында оқып жүргенімізде қазақ қыздары орталау мектепті де бітірмейтін еді. Содан ба, «тең-теңімен» дегенге әулекіленіп «қолымыз жеткеніміз» орыс қызына, одан кейінгілеріміз татарға, басқа ұлт бойжеткендеріне үйлендік. Ұлттың ұлт болып ұюы бесіктен басталарына мән бермеппіз. Ал ұлттың ұлылығын сақтау үшін өз жұртыңның аруымен бас қосудың аса қажеттігін кешігіп сезіп, сан соғып жүрміз. Сендер елден алыста жүрсіңдер. Бүгінде қазағыңның оқыған қаракөздері жеткілікті. Біздің қателігімізді түзетуге тырысыңдар.
Солай, Софы балам. Кеңесіме құлап түспесе де, құлақ асар ұрпақ болса екен дейтін тілегімнің бір парасы осы.
Мұхтар Әуезов,
Мәскеу, 1961 жыл.
Софы аға Мәскеудің Болат және кен қорыту институтын 1966 жылы бітіріп шықты. Сол кездегі Одақтың заңына сәйкес инженер мамандығын игеретін студенттер теория мен тәжірибені ұштастыратын, яғни өндірісте еңбек ететін. Жазушылықты армандаған, бірақ, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің ақылымен техникалық жоғары оқу орынында оқып жатқан қазақ жігіті Мәскеудің «Серп и молот» зауытында слесарь, кейіннен шойын құюшы болып жұмыс істеді. Тула мен Қарағанды металлургия комбинаттарында еңбек етіп, тәжірибе жинақтады.
«Жарқырайды Теміртаудың оттары» немесе үшінші сыр
Хрущев заманында техникалық жоғары оқу орынын бітіру оңай болмайтын. Өйткені кез келген студент өндіріс ошағынан айналып өте алмайтын. Тәжірибе жинақтау кезінде Софекең де Темір¬таудағы Қазақстан магниткасында жүрді. Аға горновой Нұрсұлтан Назарбаевпен сондай қарбалас сәттің бірінде танысты.
– Софы, – деді кәсіпқой металлург, – өзің де білесің. Бізде Мәскеуден оқып келген маман тапшы. Бітірген соң бізге жолдама алсаңшы. Бірге еңбек етейік. Мұнда қазағымыз аз боп тұр.
Сол кездегі еңбек адамы, бүгінгі Елбасы айтса айтқандай екен, өз ұлтымыздың жігіттері санаулы болып шықты.
Расында қазақ даласы бұрын мұндай алып өнеркәсіп орнын көрмеген. Салынып жатқан құрылыс дегеніңіз үйіліп жатқан тау сияқты. Жауыртау етегінде күні-түні шырқалып жатқан еңбек симфониясына сүйсіне қарап тұрып, мыңдаған ыстық градуста бұрқ-сарқ қайнап, ақырында өзен тәрізді ағып жатқан шойынды көргенде өзің де білек сыбанып, горновой (шойын қорытушы) Нұрсұлтан Назарбаевтың жанында беріліп жұмыс істегің келеді. Не отыра қалып, тарихи шығарма жазуға аңсарың ауады. Софы ағаның «Алау» атты повесі осындай табиғи әсерден туған болуы мүмкін. «Астана оттары» атты тұңғыш өлеңдер жинағы да металлургиядағы тың шабыттан соң дүниеге келген-ау, сірә.
Нұрсұлтан Әбішұлының металлургия саласындағы тынымсыз еңбегінің қыр-сырын, оның қара жұмыстан басталған өмірінің өсу жолдарын Софекеңдей ешкім анық білмесі хақ. Баз біреулер «Осындай танысы бола тұра Софекең неге мемсыйлықтан қағылып жүр?» деген қазақбайшылық сұрақ қояды. Гәп мынада: Софы аға өмірде ешкімге жағдайын айтып, өтініш жасап көрген емес.
Жазушы Президент досына «маған көмек бермедің» деп ренжіген емес, Президент болса, «Софы маған өтініш айтпады» деп тымсырая қалған емес. Неге? Өйткені екеуі де біледі: шындықтың түбінде тасты да жарып шығатынын.
Қарағанды металлургия комбинатында біраз уақыт еңбек еткен соң Қазақ КСР Ғылым академиясының металлургия және кен-байыту ғылыми-зерттеу институтында әуелде инженер, кейіннен аға инженер қызметін атқарды Софекең.
Уақыт-патша өзінің дегеніне жетті. 1968 жылы Софы аға жүрек қалауы бойынша қаламгерлікке біржола ден қойды. «Жұлдыз» журналында бірнеше бөлімді басқарды. Оның осы бір сан тараулы, ауыр міндетті абыроймен атқарғандығын және талантты жазушы екендігін кезінде Р.Бердібай, Ш.Елеукенов, С.Қирабаев, Т.Сыдықов, З.Серіққалиев сияқты сыншылар жоғары бағалады.
Көп ұзамай инженер-металлург жазушының алғашқы кітаптары көктемде туған өлкесіне сағынып жететін қарлығаштардай әр оқырманның үйіне рухани ұясын тұрғыза бастады…
Айтбай СӘУЛЕБЕК
(Жалғасы бар)