Сайланған ауыл әкімінің құзыреті жоғары болуы керек

Сайланған ауыл әкімінің құзыреті жоғары болуы керек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы
бастаманы былтырғы Жолдауында көтергені мәлім. Бір жылға жетер-жетпес уақыт
ішінде бұл жұмыс жүзеге асырыла бастады. Бұл оқиғаны еліміздің тарихындағы
айтулы белес деуге болады. Азаматтарымыз тұңғыш рет жергілікті атқарушы
биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігі әсіресе халқының 40 пайыздан астамы
ауылда тұратынын еліміз үшін тың жаңалық еді. Аудан бойынша сайлау сегіз ауылдық
округтегі 14 сайлау учаскесінде өтіп, онда сегіз жаңа әкім сайлау жолымен таңдалды.
Сайлау учаскелері таңғы 7-де ашылып, 20.00-ге дейін жұмыс істейді.
Ауылдық округ әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауы күні біз Есіл ауылдық округінің
№656 сайлау учаскесінде болып, Әлия Мұстафинадан сұхбат алдық.
Алия Сатыпалдықызы Осакаров
ауданының Шұңқыркөл ауылының тумасы. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік
универиситетінің биология-география және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
мамандығы бойынша диплом алған ұстаз «Есіл ауылындағы №2 орта мектепте еңбек етуде. Жыл сайын оқушылары «Жарқын
болашақ», «Абай оқулары», «Мағжан оқулары» және басқа да байқаулар мен пәндік
олимпиадалардан жүлделі орындар алып келеді.
Республикалық, облыстық және аудандық деңгейде тіл саясатын насихаттаушы.
Қазақ тілінен мұғалімдерге арналған республикалық «CLEVER» олимпиадасында І дәрежелі
диплом, Қазақ тілінен мұғалімдерге арналған республикалық «КИО» қашықтық
олимпиадасында ІІ дәрежелі дипломы, 2019 жылы Қарағанды облысы әкімі сыйлығының
«Үздік пән мұғалімі » номинациясы бойынша сертификатын алған. «Қанипа Бітібаеваның ұстаздық тұлғасы және педагог мәртебесі» тақырыбындағы
республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясына белсене қатысып, 2020 жылы I
Республикалық “Кемеңгер ұстаз” олимпиадасының жүлдегері, «Бұқар жырау
шығармаларының тілдік ерекшеліктері» тақырыбында магистрлік диссертация қорғаған.
– Елімізде алғаш рет ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауы өтуде. Бұл туралы
пікіріңізбен бөлісе отырсаңыз ?
– Мұндай сайлау науқаны бірінші рет өткізіліп отыр. Тұңғыш рет азаматтарымыз жергілікті
атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болып отыр. Тікелей сайлау демократияландырудың тағы бір қадамы десе де болады. Мен де бүгін өз таңдауымды
жасауға келдім. Ауыл өмірін жандандыратын іскер адам сайланады деген ойдамын.
– Сайланған ауыл әкімдері қандай мәселелерді шеше алады деп ойлайсыз?
– Сайланған ауыл әкімдерінің әрі қарай жұмыс істеуі де ауыл тұрғындарына байланысты
болады. Өңірлерді дамыту мақсатында жергілікті өзін-өзі басқару тәсілі жергілікті биліктің
тәуелсіздігін дамытуға қызмет етуге тиіс деп ойлаймын. Қазір жергілікті басқару өз алдына
дербес болғандықтан ауылдардағы жергілікті қоғамдастықтар бюджетті басқаруға қатысып,
тұрғындармен бірге жергілікті бюджеттің пайдалану мақсаттарын, не үшін жұмсау керектігін
анықтайды. Сайлау нәтижесі жергілікті атқарушы биліктің өзін-өзі басқару органдарының
дербестігін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде жергілікті жерлердегі ең
өзекті мәселелер тез арада шешімін таппақ.
Ауыл әкімдерін сайлау жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Яғни жергілікті халық әкімді сайлап
қана қоймай, сенім білдіреді. Ал сайланған әкім ауылдың барлық қажеттілігін, мәселесін
шешеді деп ойлаймын.
– Ауыл әкімінің құзыреті жоғары болуы үшін қандай талаптар орындалуы керек?
-Биыл Тәуелсіздік алғалы 30 жыл ішіндегі ауыл әкімдерінің сайлауы өте маңызды қадам ғана
емес, еліміз үшін тарихи сәт. Ауыл әкімдерінің партия арқылы және өзін өзі ұсынып,
сайланып жатқанын біз түсінеміз. Соған сай сайланған әкімдердің құзыреттілігі де жоғары
болуы маңызды. Әкімдердің жергілікті бюджетті мақсатты игере білуі, халықпен тікелей
қарым-қатынаста болуы және ауылдың гүлденуіне үлкен жұмыс істеуі қажет.
Қазір сайланған әкімдер ауылды 4 жыл басқарады. Олар осы уақыт ішінде өздерінің
сайлауалды бағдарламасын іске асырып, тікелей халыққа жауап беретін болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
P.S.
Сайлау учаскесінде санитарлық талаптар сақталған. Термометрдің көмегімен келушілердің дене
қызуын өлшеу үшін арнайы жауапты қызметкер бекітілген. 1,5 метр арақашықтықты
сақтау арқылы сайлаушылардың қозғалысын бағыттайтын жол көрсеткіштері белгіленген. Ғимаратқа
кіргенде қолды дезинфекциялау, бетперде кию міндеттілігі тағы бар.

Сүхбаттасқан Сержан Смаханұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған