Құрметті аудан тұрғындары!
Құрметті аудан тұрғындары!
Сіздерді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнімен шын жүректен құттықтаймыз.
Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңбасы және Гимні 1992 жылы 4 мамырда бекітілді. Бұл оқиға мемлекетіміздің егемендігі мен тәуелсіздігінің, халқымыздың бірлігінің айғағына айналды. Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің ұлттық игілігіміз, ел тарихына, тіліне, мәдениетіне, дәстүріне деген терең құрмет.
Отанға, елге деген сүйіспеншілік сезімі рәміздерді құрметтеуден басталады. Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтаныш. Олар мемлекет саясаты негізделген, ашықтықты, бейбітшілікті, бостандықты, бірлік пен келісімді білдіретін құндылықтарды бір арнаға тоғыстырады. Рәміздердегі нышандар арқылы қазақстандық қоғамның әлем алдындағы бейнесі қалыптасады. Ресми халықаралық іс-шараларда Отанымыздың Гимні шырқалып, аспан түстес көгілдір ту асқақтағанда, біз Қазақстан үшін зор мақтанышты сезінеміз.
Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, мызғымас негіздерінің бірі. Рәміздерге деген құрмет – азаматтардың ел болашағына деген сенімінің және патриоттық сезімдерінің өлшемі.
Құрметті жерлестер!
Осы мереке күні сіздерге зор денсаулық, бейбітшілік және амандық тілейміз. Қазақстан Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған Мемлекеттік Туымыз әрдайым асқақтап желбірей берсін!
Нұркен Кобжанов,
Осакаров ауданының әкімі
Қанат Саққұлақов,
аудандық мәслихаттың хатшысы