Прокурорлар брифингте қылмыстық процестің жаңалықтарымен таныстырды

26 мамырда Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қарағанды облысы прокуратурасы қылмыстық процестің үш деңгейлі моделін енгізу мәселелеріне қатысты брифинг өткізді.
Оған облыс прокурорының орынбасары Талғат Мұқашев қатысты.
Спикер адамдардың құқықтары мен бостандықтарымен байланысты негізгі процестік шешімдерді келісу міндеті прокурорларға заңнамалық түрде жүктелгенін атап өтті.
Қылмыстық процесте өкілеттіктердің аражігі үш буын – полиция, прокуратура және сот арасында бөлінетінін түсіндірді.
«Бірінші буын» – полиция қылмысты анықтап, оған қатысы бар адамдарды айқындап, дәлелдемелер жинайтыны атап өтілді.
Одан кейін «екінші буын» – прокурор, ол жиналған дәлелдемелерге тәуелсіз және құқықтық баға беруге, азаматтардың құқықтарын бұзудың алдын алуға, азаматтардың қылмыстық процестің орбитасына заңсыз тартылуына жол бермеуге, сотта айыптауды қолдауға міндетті.
Ал түпкілікті «үшінші буын» – сот, ол органдардың іс-әрекетіне берілген шағымдарды қарайды және іс бойынша қорытынды шешім шығарады.
Іс-шараның соңында спикер қылмыстық істерді тергеудің электрондық форматына тоқталды (а.ж. 3,7 мыңнан астам іс немесе тергеудегі істердің жалпы санының 67,3% электрондық форматта қаралды).
Спикердің айтуынша, электрондық тергеудің артықшылығы -мұндай істерді прокурор онлайн форматта тексереді және ешкімде материалдарды бұрмалау мүмкіндігі болмайды.

Қарағанды облысының прокуратурасы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.