Өнегелі отбасы –ел тұтқасы
«Мерейлі отбасы» байқауы – отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында жыл сайын дәстүрлі өткізіліп келеді. Биыл да байқаудың аудандық кезеңіне бес отбасы қатысты. Комиссия шешіміне бойынша Васкандар отбасы 1 орын, Куриндер отбасы 2 орын, Шахтемировтар мен Яковлевтер отбасы 3 орынға ие болды. Хамидовтар отбасы бас жүлдеге лайық деп танылып, облыстық кезеңге жолдама алды.
Жарасымды жанұя, көпке үлгі әулет Осакаровка кентінің тұрғындары – Хамидовтардың отағасы Ваха Ахмадович пен отанасы Таисия Алиевна 4 бала тәрбиелеп, екі немере сүйіп отыр. Балалары еңбектеніп, бірі бригадир, бірі ТЖҚ құтқарушы қызметін атқарып жүр. Татулықты тұмар еткен көп ұлтты отбасы шешен, дағыстандық, орыс, молдаван ұлттарының ізгі дәстүрлерін жұптастырып, тату-тәтті тұрып жатыр. Облыста ауданымыздың шашбауын көтерер әулетке сәттілік тілейміз.
Озерный ауылының тұрғындары Васкандар отбасы – өнерлі де, өнегелі жанұя. Отбасы тірегі педагог, қызы да әке жолын қуып, ұстаздық етіп жүр. Осакаров ауданындағы славян халықтарының мәдениетін жандандырып, «Калина красная» этно-мәдени бірлестігін ашқан Надежда Александровна АМҮ мәдени ұйымдастырушысы.
Молодежный кентінен байқауға қатысып, жүлделі екінші орынға ие болған Куриндер отбасы – еңбекқор, жалпы адамзаттық қағидалар мен рухани құндылықтарды жіті ұстанады. Бұл еңбекшіл әулеттің «Kazakhmys Coal» ЖШС-дегі жалпы еңбек өтілі – 70 жылдан астам.
Шахтемировтар отбасы Николаев ауылында тұрады. Көпбалалы отбасы өз шаруашылығын дөңгелетіп, ауылдың мәдени өміріне өз үлестерін қосуда. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демей ме, балалары жан-жақты, білім мен еңбекте табысты.
Яковлевтар әулеті Родников аулындағы мерейлі отбасылардың бірі. Владимир Борисович ұйымдастырған «Карасу» ШҚ округ аумағында өткізілетін көптеген іс-шаралардың демеушісі болып табылады. Көп жылғы жемісті еңбегі үшін облыс және аудан басшыларының Алғыс хаттары мен Грамоталарымен ұлықталған. Бүгінде еңбегінің зейнетін көріп отырған олар немере тәрбиелеп, қызының отбасылық бизнесіне ақыл-кеңесін беріп отыр.
Ортақ үйіміздің шаңырағын шайқалтпай, береке-бірлігін нығайтуды насихаттайтын маңызы ерекше байқауда бақ сынаған отбасыларға бағалы сыйлықтар табысталып, дипломдармен марапатталды.
Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Әрбір жанұя мерейлі, мәртебесі биік болсын.
Гүлім Сембай