Көпбалалы отбасы баспаналы болды
«Айдың нұры» қоры Осакаровка кентінің тұрғыны, көпбалалы отбасыға баспана сыйлады.
Қайырымдылық – ізгіліктің анық көрінісі. Өз жұмысын 2020 жылдың наурыз айынан бастаған «Айдың нұры» қоры көмекті қажет еткен жандарға қол ұшын беріп келеді.
Осакаровка кентінің тұрғыны, көпбалалы ана Нұргүл Самихаан баспаналы болуды көптен армандаған. Алтын құрсақты ананың алты баласы бар. Тұңғышы, анасының қолғанаты Нұрдариға он бес жасқа толса, ең кенжесі Рамазан – үш айлық. 2015 жылы Ақбұлақ ауылынан көшіп келген, көпбалалы отбасы туысқандарының үйінде тұрып жатқан еді. Қайырымды жандардың өтініші бойынша Нұргүл Самихан мен балалары баспаналы болғандарын білмеді. Көлікпен алып келіп, аулаға кірген отбасыға «құтты болсын, мынау енді сіздердің үйлеріңіз» дегенде, «комиссияға шақырып жатыр деп еді ғой»,- деді абдырап қалған ана. Тосынсыйға толғанып, мұндай да болады екен ғой деп, көзіне жас алды. Алғысын жаудырған алтын құрсақты ана бұл – балаларымның несібесі, жақсылықтарыңызды ұмытпаймын,- деді тебіреніп.
Адамның асыл қасиетінің бірі – қайырымдылықты ту еткен қордың құрылтайшысы әрі төрайымы «Құрмет» орденінің иегері, белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева.
Үбірлі –шүбірлі отбасыға «Айдың нұры» қорының директоры Мөлдір Ақылбекова көпбалалы отбасыға пәтер кілтін табыстап, «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Ләззат Шыңғысбаева, юрист Айнагүл Тоғжұманова бақ-береке тіледі.
Мөлдір Ақылбекова: «Қайырымдылық көмек көрсету адам жанын ізгілікке жетелейді. Көмекті қажет еткен жандардың сүйіспеншілігі мен алғысына бөленеді. «Айдың нұры» қоры осы уақытқа дейін онда жиналған қаржыға республика бойынша карантин кезінде қиналған отбасыларға азық-түлік таратып, ауруханаларға 1000 тыныс алу аппаратын сатып алды. ған, әлеуметтік жағдайы төмен 100 балаға планшет, 200 спорт киімдерін таратты. Бұл қордың 87-ші отбасыға сыйлап отырған пәтері. Соңғы айда 5 отбасыға келдік»,- деді.
«Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Ләззат Шыңғысбаева, күнделікті тіршілікте адамдардың бір-біріне демеу болуы, қайырымдылық жасау – адамгершіліктің белгісі. Әрбір отбасы, әрбір бала бақытты болуға лайық,- деп өз ойымен бөлісті.
Елімізде түрлі жобалар мен акциялар өткізіп, қайырымдылықты өмірлік мақсат еткен жомарт жандар саны артуда. Игі шаралар легі толастамаса екен. Айналасын нұрға бөлеген қайырымды жандар көп болсын.
Гүлім Сембай