Медициналық көмек көрсету үшін сақтандырылмаған қазақстандықтарға 20 миллиард теңге бөлінеді
Барлық қазақстандықтар 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін МӘМС жүйесінде шартты түрде сақтандырылатын болады. Қордың ішкі резервінен қосымша 20 миллиард теңге бөлінеді.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 31 наурызына дейін барлық қазақстандықтар шартты түрде сақтандырылған деп саналды және жүйеде мәртебесіне қарамастан, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС пакетіне медициналық қызмет көрсетілді. 1 сәуірден бастап МӘМС пакеті тек сақтандырылған адамдарға ғана қол жетімді болуы тиіс еді, яғни 2020 жылдың қаңтарынан бастап қорға жарналарды тұрақты түрде жасайтындар немесе жеңілдікті санаттарға кіретіндер. Елімізде ТЖ режимі енгізілуіне байланысты жеңілдік кезеңі Президенттің тапсырмасы бойынша 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартылды.
Жүйеде әлі күнге дейін мәртебесі жоқ қазақстандықтарға көмек көрсету үшін медициналық сақтандыру қорының ішкі қорынан 20 миллиард теңге бөлінеді.
– 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін еліміздің барлық азаматтары шартты түрде сақтандырылған болып есептеледі және МӘМС қатысушысы мәртебесіне қарамастан медициналық көмекке жүгіне алады. Жеңілдікті кезең аралығында барлығы өзінің сақтандырылушылық мәртебесін белгілеп, жарналар енгізіп, МӘМС қатысушысы болу керек, – деді медсақтандыру Қоры Қарағанды филиалының директоры Фазыл Копобаев.
Қазір елде 16,4 миллион адам сақтандырылған. Олардың ішінде 11 миллионға жуығы – әлеуметтік жағынан осал категориялардың өкілдері. Осылайша, ел халқының жартысынан астамы автоматты түрде сақтандырылған.