Маңызды шаралар
Балаларды қорғау күні мереке ғана емес, болашаққа бағдар жасайтын маңызды шараның бірі. Мереке күні аудан әкімі Нұркен Кобжанов «Жастар» балалар мен жасөспірімдер орталығына барып, балаларды құттықтап, сыйлықтар табыстады.
Орталықта көп балалы отбасылардың балалары және ерекше білімді қажет ететін балалармен кездескен аудан басшысы: «Балаларды қорғау күні ересектер, жас ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілікті еске түсіретін мереке. Біздің балалар дені сау, ақылды және еліміздің нағыз патриоттары болып өссін»,- деп, балақайларды мерекемен құттықтап, оларға бақытты балалық шақ тіледі.
Ерекше мейрамда ерекше сыйлықтарға ие болған балалар «Жас шебер», «Сәндік композиция», «Театр», «Вокал» үйірмелеріне қатысып, қосымша білімдерін шыңдап жүр.
Аудан әкіміне өздерінің құрастырған лего құрастырғышын, шахмат ойнау әдісі, өздерінің салған суреттерін көрсетті. Төленді Мирас «Адажио» әнін шырқап, қонақтарды тәнті етті.
Жаздың алғашқы күніндегі осы әсем мерекеде ауданның барлық кенттері мен ауылдарында қайырымдылық шаралары өтті. Көп балалы отбасы балалары, аз қамтылған отбасылар, ерекше білімді қажет ететін балақайларға сый-сияпат таратылды. Балғын бүлдіршіндеріміз ең қуанышты және жыл сайын асыға күтетін басты мерекеде сыйлықтар мен тәттілерден кенде қалмады.
Адамзаттың алдында тұрған зор міндет – болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру. Балаларға қамқорлық көрсету, олардың құқықтарын қорғау тек белгіленген бір күн емес, әрқашан да үлкендердің назарында.
Сонымен қатар дәстүрге сай сап түзеген «Жасыл ел» жасағының сарбаздарына Нұркен Сайфиддинұлы сәттілік тіледі.
«Жасыл ел» —жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, оларды еңбексүйгіштікке тәрбиелейтін бағдарлама. Мұндағы басты мақсаттың бірі жұмыссыз жүрген жастарды да еңбекпен қамту. Бағдарлама аясында студенттер мен жастар елді мекендерді көгалдандыру мен көркейтуге белсенді түрде араласып келеді. «Жасыл ел»- үш айлық жазғы демалысқа шыққан жастарға адал ақша табудың бірден-бір жолы.
Биылғы еңбек жасағына 150 адамды тарту жоспарланған. Бірінші кезеңге 50 сарбаз жұмысқа шықты.
Гүлім Сембай