Мүсірепов Абай мұрасы туралы

Әлемдік деңгейдегі ақыл-парасат иесі ұлы Абай даналығы мәңгілікке бағдар берер дара парасатымен баурап алады. Баурап алып қана қоймай, көзге шұқып көрсетеді, көңілге тоқытып діттетеді. Тіршілік әлемінің сан тарау сырларына бойлатып, құпия қырларын аңғаруға жол сілтейді. Ақындық қасиеті айқындалып, өлең-жырлары ел арасына кең тарай бастаған кезден-ақ бір өлеңі, бір сөзі кәдеге жарамай қалған жері жоқ екені көпке аян. Әр сөзі, әр ойы, әр ісі халық көңіліне берік ұялаған қалыпта даналықпен сабақтасып, жылдар жыл¬жыған сайын тереңдеп, уақыт өткен сайын биіктеп бара жатқаны кәміл. Әлихан Бөкейханның 1903 жылы «Киргизский край» атты кітапқа кірген қазақтың тарихы мен рухани өмірі жайлы зерттеу [С. Қирабаев. Абайтану ғылы¬мының тарихынан. Кітапта: Қазіргі Абайтанудың өзекті мәселелері. – Алматы: «Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2002, 21 б.] мақаласынан басталып, толассыз даму үстіндегі Абайтану әлемі қазақ әдебиеттану ғылымының ең іргелі саласына айналған ұлы ақын шығарашылығының әлі де ашылмай жатқан сансыз қыры бар екені күмәнсіз.
Түрлі дәуірлердің талғам-таразысына, талап-шарттарына төтеп беріп, заман ағымына қалың қатпарлы ой-толғамдарымен, даналық қалпымен, даралық сипатымен жауап бере білген Абай шығармашылығы бір ғасырдан астам уақыттан бері әр кез зерттеу объек-тісінен түспей келе жатқаны белгілі. Осындай көп уақыт бойы зерттеліп келе жатқанына қарамастан, ұлы ақын шығармашылығына қатысты қамтылмаған түрлі тақырыптар, ой қозғайтын сан алуан мәселелер кешеге дейін қозғалысқа түспей ақтаңдақ күйінде қалып келгені шындық. Мысалы, ұзақ жылдар бойы саясат бұғауына қамалып, тоталитаризм жүйесінде жабық сақталған Абайдың алғашқы зерттеушілерінің аты-жөні мен еңбектері туралы мәліметке еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қол жеткізілгені – соның бір дәлелі. Абай мұрасын зерттеушілер ретінде әдебиеттанушы ғалымдарды айтпағанның өзінде қазақ әдебиеті классиктерінің қалам тартпағаны кемде-кем. Бұл орайда Мұхтар Әуезов абайтанудың негізін салушы болса, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафиндердің дәуір талабы деңгейінде атсалысулары абайтануға қосылған зор үлес екені талас тудырмайды. Көркем сөздің хас шебері, сөз зергері, қазақ әдебиетінің классигі, академик, жазушы, қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі, Қазақ КСР-нің халық жазушысы, Қазақ КСР ҒА-ның академигі, Социалистік Еңбек Ері Ғ.Мүсірепов ұлы Абай мұрасы жайлы әр кез өз пікірін білдіріп, әдеби сын-зерттеу, ғылыми көзқарас тұрғысынан мақалалар жазып отырған. «Өйткені Абай мұрасы өткендегі рухани ой-санамыздың даму жолындағы сапалық жаңа құбылыс, әрі өзінен соңғы әдебиеттің жаңа бағыт-бағдарын айқындаушы әдеби асыл мұра болуында жатыр. Осы себептен де Абай мұрасы жайында сөз қозғау, пікір көтеру бүкіл қазақ әдебиеті жайлы ой-толғаныстарына ұштаспай тұра алмайтын рухани байланыстылықты танытады» [Мырзахметов М. Абайтану (Библиографиялық көрсеткіш). – Алматы: Ғылым, 1988, 5-б.]. Ал ұлы мұраны әр қырынан танып-білу жаңа буын ауысқан сайын жаңарып, жетіле беретіні тағы белгілі. Жазушылық шеберлікті Абайдың өзі талап ететін көркемдік өлшем көрінісі Мүсірепов бағамдаған ақын шығармаларынының мысалында қарастырудың өзінде біраз жайға көз жеткізуге болады.
Академик-жазушының Абайға қатысты әр жылдары жазылған, жарияланған «Абай» романы туралы» (1943), «Абай және орыс классиктері» (1945), «Қазақ әдебиетінің өркендеу жолындағы Абайдың тарихи орны» (1954), «Жол-жөнекей» (1981) т.б. сын-зерттеу мақалалары белгілі. Бұдан басқа «Феномен-Феникс», «Біздің ұлы жазушымыз» сияқты мақалаларында да аз да болса Абайдың ақындық ерекшелігі туралы ара-тұра талдау беріліп, пікір айтылады. Орыс тіліндегі баспасөзде де «Глашатай дружбы» («Труд», 1954, 24 қыркүйек), «Литературную критику на уровне повышенных требований» («Советский Казахстан», 1954, №8), «Человек степей» («Известия», 1957, 22 тамыз) атты мақалалары жарияланған. Жамбылдың ақындық ерекшелігін, өнерпаздық тұлғасын талдауға арналған «Феномен-Феникс» мақаласында екі ұлы ақынның шығармашылық жолын салыстыра зерттей келе Абай ақындығының терең мағынасы мен күш-қуатына, әдебиеттегі ерекше сипаты мен тарихи орнына үлкен баға береді. Бір мезгіл, бір тұста қатар өмірге келген екі алыптың бір мақсатқа, бір тілекке ақындықтың екі түрлі саласын бойлай келгендігін айтады. Яғни бірі – жаңа әдебиет өнегесін жазу арқылы, бірі – халықтың ежелден келе жатқан өнегесі – суырып салма ақындық жолы арқылы. Осы тұрғыда Ғ.Мүсірепов былай дейді: «Абай – қазақ халқының поэзиясын, тілін, жан-жақты көркем өнерін оң жолға түсірген, тарихи еңбегі бар асқан дана, ұлы ұстаз, қазақ халқының ойын өсіру, сезімін тереңдету, ар-намыс, адамгершілік қасиеттерін шыңдау осы ұстазымыздың қолынан өтті. Қазақ ақын-жазушыларының ана сүтімен қанына тараған деп айтарлық тәрбиесі Абайдан келеді» (Заман және әдебиет, 1982, 268-6.). Ғабиттің «Қазақ әдебиетінің өркендеу жолындағы Абайдың тарихи орны» деген зерттеуі оның Абай шығармалары туралы әр кезде жазған екі мақаласының біріктірілген нұсқасы. «Абай және орыс әдебиетінің классиктері» деген бірінші мақала алғаш рет «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылғы 21 тамызындағы санында, онан соң «Ленин туы» газетінің 1945 жылғы 5 қыркүйектегі санында жарияланды. «Үлкен сарынның ақыны» деген атпен «Абай тағылымы» (1988) ұжымдық жинаққа енген. «Қазақ әдебиетінің өркендеу жолындағы Абайдың тарихи орны» атты екінші мақала алғаш рет «Социалистік Қазақстан» газетінің 1954 жылғы 27 мамырдағы санында, «Әдебиет және искусство» журналының сол жылғы (1954) 7-санында және «Коммунизм туы» газетінің 1954 жылғы 5 қыркүйектегі санында басылған, сондай-ақ 1954 жылы Алматыда шыққан «Абайдың өмірі мен творчествосы» атты мақалалар жинағына енген. Академик-жазушы өзінің осы екі мақаласын біріктіріп, «Қазақ әдебиетінің өркендеу жолындағы Абайдың тарихи орны» деген атпен «Суреткер парызы» (1970) атты мақалалар жинағына, бес томдық шығармалар жинағының төртінші томына (1975) енгізді. Кейін «Заман және әдебиет» (1982) атты әдебиет туралы ойлары мен толғаныстары жинақталған кітабында басылды. Зерттеуші қазақ халқының жарқын болашағы үшін алысып өткен ұлы Абайды бір елдің белгілі бір ғасырдағы ой өмірінің өрісі мен биігін көрсететін ақын ретінде бағалай отырып, ол туралы былайша ой толғайды: «Алысты болжаған терең ой¬дың, үлкен сарынның ақыны Абай алды-артын шолып, қазақ халқының жалғыз әдебиеті емес, бүкіл рухани мәдениетінің келешегіне жөн сілтеп кетті. Абай өз заманынан анағұрлым биік тұрған ақын еді. Ол өз заманы мен өз елінің қайғы-мұңын көтергенде соны тарихи даму жолындағы бар адам баласының тақырыбына айналдыра алды». [Суреткер парызы. – Алматы, 1970, 203-б].

(Жалғасы бар)

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған