Мәдениетіміз өркенді, өнеріміз асқақ
Ауданның әлеуетін арттырып, халықты өрелі өнермен сусындатып, рухани байлық пен игі дәстүрлерді жалғастыруда аянбай еңбек етіп жүрген мәдениет саласының қызметкерлері төл мерекесінде сый-құрметке ие болды.
Мәдениет және өнер қызметкерлері – айналасын думанға бөлей білетін сан қырлы талант иесі және жан дүниесі бай, нағыз өз ісінің майталман шебері ретінде өнерге берілген азаматтар. Айтулы мерекеде сегіз номинация бойынша аудан әкімінің мәдениет саласындағы сыйлығы берілді.
- Бұл мереке туған жеріміздің рухани дамуына және бай мәдени мұрамызды дәріптеуге зор үлес қосып жүрген жандарды біріктірген, шығармашылық адамдарына деген айрықша құрметтің белгісі. Әрбір мәдениет қызметкері үшін ерекше күн. Сонымен қатар сала ардагерлерінің, жалпы өнер сүйер қауымның шығармашылық мерекесі,- деді аудан әкімі Нұркен Кобжанов.
Аудан басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі, табысты еңбегі үшін Осакаров ауданының мемлекеттік архивінің басшысы Ержан Сүлейменовке Құрмет грамотасын табыстады. Ауданымыздың өнері мен мәдениетіне сүбелі үлес қосып, осы саланың мерейін көтеріп жүрген Роза Черкашенконы ең жоғарғы марапат «Мәдениет майталманы» номинациясымен марапаттады. Р . Черкашенко 32 жыл бойы Сұңқар ауылдық клубында үздіксіз қызмет етіп келеді. «Мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясымен кітапхана саласында 11 жыл еңбек еткен зейнеткер Вера Ваксманды ұлықталды.
Осы салада аянбай еңбек етіп, халықтың көңілінен шығып жүрген Қарағайлы ауылының кітапханашысы Надежда Чернева «Үздік кітапханашы», аудандық мемлекеттік архив қызметкері Әсия Төребекова«Үздік архив қызметкері», «Ауылдағы үздік мәдени-демалыс шараларын ұйымдастырушы» Рахат Құсайынова, Аманконыр ауылдық клубының мәдени ұйымдастырушысы Қарлығаш Әбішева «Көркемөнерпаздар ұжымының үздік жетекшісі», Ертіс ауылдық клубының мәдени ұйымдастырушысы Ринат Елубаев «Жас, жан-жақты мәдениет қызметкері» номинациясы бойынша, Николаевка ауылдық мәдениет үйінің музыкалық жетекшісі Ася Шахтемирова «Театрландырылған көпшілік іс-шараларды өткізу бойынша үздік мәдениет қызметкері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Рухы биік халықтың руханиятына қосар үлестеріңіз қомақты, әр еңбек күндеріңіз сәтті, шығармашылық жетістіктерге толы болсын! Мәдениет пен өнеріміз өркендей берсін!
Гүлім Сембай