Карантин күндері: вахтадан үйге қалай қайтуға болады
Бұл сауалдар блогы көлікпен жүретін тұрғындарға жауап ретінде ұсынылады.
– Қоғамдық көліктер жұмыс істейді ме?
– Карантин режимінде қоғамдық көліктерді қозғалысы уақытша тоқтатылды.
Такси қызметіне рұқсат етілген. Бірақ бірқатар шарттарды сақтау қажет. Біріншісі – жедел әрекет ету орталығына қызметкерлер тізімін ұсыну керек. Екіншісі – күн сайын жүргізушілердің денсаулығын тексеріп, автокөлікті жуу және дезинфекциялау. Үшіншісі – жүргізушінің диагоналі бойынша артқы орындыққа орналастыра отырып, бір жолаушыны ғана тасымалдауға рұқсат етілген.
– Республиканың басқа облысында вахтада болдым. Үйіме қалай оралуыма болады?
– Мұндай жағдайлар сіз вахтаға кеткен облыстың аймақтық штабымен бірге пысықталады. Бір реттік рұқсаттама ресімделіп, үйіңізге кіре аласыз.
– Облыс ішінде аудандар арасында жүруге бола ма?
– Жүк тасымалдауға рұқсат етілген. Транзиттік көлікке карантиндік аймақтың ішінде тоқтауға және адамдарды отырғызуға тыйым салынады. Сондай-ақ, пошта тасымалы, медициналық көмек, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет және арнайы автокөлік (азаматтық қорғау, өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметі), коммуналдық апаттық қызметтердің көлігіне жол жүруге рұқсат етілген.
Жерлеу катафалкаларына (жедел әрекет ету орталығымен алдын ала келісе отырып), инкассаторлар көлігіне жол жүруге рұқсат етілген.
Азық-түлік және медициналық тауарларды тасымалдауға арналған көлік құралдарына жүруге мүмкіндік берілген.
Кәсіпорындар өз қызметкерлерін жұмысқа және кері қарай орталықтандырылған жеткізуді ұйымдастыруы тиіс. Көлік санитарлық өңдеуден өтуі қажет.
Шұғыл жағдай бойынша медициналық мекемелерге шығуға рұқсат етіледі.
Карантиндік аймаққа перзентханадан шығарылғандар (растайтын құжат қажет) кіргізіледі. Жеке куәлігі бар екі адам ілесіп жүруіне мүмкіндік беріледі.
Барлық жүргізушілер мен жолаушылардың жеке қорғаныс құралдары: маскалар, антисептиктер болуы тиіс. Инкассация қызметтерін қоспағанда, барлығы үшін санитариялық бақылаудан өту міндетті.
– Елді мекеннің ішінде жеке көлікпен жүруге бола ма?
– Маршруттар шектеулі: жұмысқа және кері қарай (жұмыс орнынан анықтама болған жағдайда), жақын жерде орналасқан дүкенге, дәріханаға, банк бөлімшесіне. Көлігіңізге жанармайды үіңізге жақын станцияда құйыңыз.
– Жеке басын растайтын құжатты үнемі өзімен бірге алып жүру керек пе?
– Иә. Карантин режимі кезінде азамат өзімен бірге жеке басын растайтын құжатты алып жүруге және оны уәкілетті лауазымды адамдардың талап етуі бойынша бұлжытпай көрсетуге міндетті.
– Жеке куәлік мерзімі біткен жағдайда не істеу керек?
– Төтенше жағдай режимі кезеңінде жеке басын сәйкестендіру үшін мерзімі өткен құжатты: жеке куәлігін, ҚР азаматының паспортын, азаматтығы жоқ адамның куәлігін, шетелдіктің тұруға ықтиярхатын қолдануға рұқсат етіледі (ҚР аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының 2020 жылғы 18-19 наурыздағы хаттамасына сәйкес).