Карантин ережесін бұзғандарға қандай жаза қолданылады

Қарағанды облысында төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 260 адам әкімшілік жазаға тартылды. Олардың 109-на айыппұл салынып, дәл сонша адам әкімшілік қамауға алынды. Қалған жағдайларда ескертумен шектелді.
Бұл туралы Қарағанды облысы полиция департаментінің ресми өкілі Жанатай Сембеков хабарлады.

– Коронавирустық инфекцияның таралуын азайту мақсатында қазіргі уақытта облыс аумағында 24 карантиндік бекет жұмыс істейді. Олардың міндеттері – елді мекендерге адамдардың кіруі мен шығуын бақылауды жүзеге асыру. Азаматтардың қоғамдық орындарда болуына және көшеде себепсіз серуендеуге жол бермеу үшін полиция күшімен патрульдеу жұмыстары жүргізілуде, – деді Жанатай Сембеков.

Ол шектеулер кешенін еске салды. Үйден сыртқа шығуға тек қана аса қажет жағдайда: жұмысқа және кері қайтуға; азық-түлік пен дәрі-дәрмектер алу үшін жақын дүкенге, дәріханаға (тұрғылықты жерінен 1500 м радиуста) баруға; банк операцияларын жүргізу үшін шығуға рұқсат етіледі. Иттерді үйден 500 метрден аспайтын қашықтықта серуендетуге рұқсат берілген.
Қала бойынша жаяу және көлікпен жүруге де барынша шектеу қойылған.
Кәмелетке толмағандарға ересектерсіз көшеде жүруге тыйым салынады.
65 жастан асқан адамдарға үйден шықпау ұсынылады.

– Сіздерді құқықтық тәртіпті сақтауға, белгіленген тыйым салу және шектеу шараларын орындауға, сондай-ақ құқық қорғау қызметтерінің жұмысына түсіністікпен қарауға шақырамыз, – деп мәлімдеді ПД ресми өкілі қарағандылықтарға.

Көшеге шыққан кезде өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжатты алып жүру керек.
– Ол болмаған жағдайда патруль қызметкері азаматтың жеке басын куәландыру үшін жақын жердегі полиция бөліміне жеткізуге, сондай-ақ оның көшеде немесе қоғамдық орындарда жүруінің қаншалықты заңды екенін анықтауға құқылы, – деп түсіндірді Жанатай Сембеков.

ҚР ӘҚБК 476-бабы («Төтенше жағдай режимін бұзу») ескерту түрінде жаза қолдануды, немесе 10 АЕК (27 780 теңге) мөлшерінде айыппұл, не болмаса 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау түріндегі жазаны көздейді.
Жанатай Сембеков коронавирус індеті туралы жалған ақпарат тарату фактілері туралы да айтып өтті. ҚР ҚК 274-бабы бойынша облыста 10 қылмыстық іс қозғалды. Кінәлілер 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған