Еңбек ақының аздығы мен көліктің жоқтығы. Осакаров ауданының баспкерлері мен спортшыларын қандай мәселелер қинайды?

Биылғы жылы Үкімет тарапынан халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы ұсынылды. Осыған сәйкес, көрсетілген мерзімге дейін азаматтар мен әлеуметтік-еңбек саласының жағдайы сапалы түрде жақсаруы тиіс.

Бұл бағдарлама Осакаров ауданында да кең қолдау тапты. Әр саланың мамандары  табыс деңгейін көтеру керектігі жайында ой қосты.

Бапкер-педагогтардың еңбекақысы

Жалпы, Осакаров өңірінде спорт секторының дамуына аз көңіл бөлініп жатқан жоқ. Аудан орталығында спорттық сауықтыру кешені салынып, қазіргі таңда қалыпты жұмыс істеп тұр. Онда спорттың әр түрі бойынша 13 бапкер жұмыс атқарады. Спорт кешені тұрғызылғанға дейін бапкерлер саны екі есе аз еді. Оның үстіне кей спорт түрлері бойынша сабақтар жаттығуға мүлде жарамайтын ескі аурухананың  жертөлесінде жүргізілген болатын. Бұл жағдай реттелді.

Қазіргі уақытта Осакаров ауданының орталығы мен Молодежный кентінде 28 бапкер 800-ден астам жас өренді спортқа баулып жүр.  Ауданда қолға алынған спорт түрлері: баскетбол, футбол, шаңғы спорты, киокушинкай-кан каратэ, бокс, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, грек-рим күресі. Таяуда Молодежный кентінде гир спортының үйірмесі ашылмақ.

Еңбек жағдайы жақсарғандықтан, 2020 жылдан бастап жаттықтырушыларға бапкер-педагог дәрежесі берілді.  Үш жыл ішінде олардың еңбекақысы 75 пайызға артпақ. Бұл – бапкерлердің ертеңге деген сенімділігі мен беделін көтеруге бағытталған оңды іс. Тағы бір айтатын жайт, бапкерлердің еңбек демалысы 42-ден 56 күнге дейін ұзартылғандығы және спорт құрал-жабдықтарын  сатып алу үшін қаржыландырудың өскендігі.

Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Осакаров ауданының Осакаровка кенті жасөспірімдер және балалар спорт мектебі» КМК басшысы Игорь Елесин бұл жайында өз ойымен бөлісті.

  • Еңбекақының көтерілгеніне қарамастан, бапкер-педагогтардың шешілмеген мәселелері жетерлік. Мәселен, ұстаздар мөлшерлемесі – 16 сағат, ал бапкерлердікі – 24 сағат болса да, мектептегі денешынықтыру пәні мұғалімдерінің еңбекақысы бапкерлерден анағұрлым жоғары. Қазіргі уақытта мемелекеттік деңгейде еңбақақы мөлшерін сақтай отырып, бапкерлердің жүктемесін 24-тен 18 сағатқа азайту көзделіп отыр. Бұл – олардың еңбек жағдайының жақсаруына әсер етпек, – дейді И.Елесин.

Жалпы, аудан бойынша ірі елді-мекендерде спорт мамандарының жетіспеушілігі байқалмайды. Керісінше, жұмыс орындары аз. Ал, шағын ауылдарда бапкерлер жоқ. Өйткені, белгіленген жүктеме мен еңбекақы мөлшері жас мамандардың көңілінен шықпайды.

Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Осакаров ауданының Молодежный кенті жасөспірімдер және балалар спорт мектебі» КМК басшысы Қабыш Елшиннің де осы жайында айтары бар екен.

–  Қазіргі таңда аудан бойынша спорт инструкторлары жетерлік. Дегенмен, олардың еңбекақысы өте төмен болғандықтан, толық мөлшерлемеде өте аз адам жұмыс атқарады. Көбі бұл жұмысты негізгі кәсібіне қосымша атқарғандықтан, мамандар тұрақтамай ауыл балаларының  спорт түрлерін игеруінде олқылықтар орын алады.

Менің пікірім, университет пен колледж түлектері бос орындарға қорықпай орналасып, ауылдардағы бапкерлер тапшылығын жою үшін спорт инструкторларының еңбекақысын міндетті түрде көбейту қажет, – деді бөлім басшысы.

«Спортшыларды жарыстарға апару үшін, біз тәртіп бұзуға мәжбүрміз…»

Балаларды жарысқа апару үшін мектеп көлігінің жоқтығы – біздің аудандағы спорт мектептердің басты бас ауруы. Ол жайында да спорт мектебінің басшылығы ой қосты.

  • Молодежный кетінде балаларды спорт жарыстарына апару – өткір тұрған мәселелердің бірі. Біздің кенттен Қарағандыға қатынайтын тікелей автобус рейстері жоқ. Сондықтан, балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын тәуекелге тігіп, жарыстарға таксимен баруға мәжбүрміз. Бармауға тағы болмайды. Әр спорт мектебі арнайы микроавтобустармен қамтамасыз етілсе, бұл түйткілдің түйіні тарқайтын еді. Аталмыш мәселені біздің көтеріп жүргенімізге талай уақыт болды. Әзірге жауап жоқ. Таяуда біз әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларын «Бригантина» лагеріне демалысқа апардық. Өзіміздің кенттен автобус іздеп таппадық. Себебі, бұрын қызметіне жүгінген көлігіміз спорт жарысына кеткен екен. Сондықтан, іргеміздегі «Борлы» кәсіпорнының көмегіне жүгіндік. Көліктері бос болған жағдайда олар өтінішімізді жерге тастамайды. Дегенмен, бұл – жарамайтын іс. Мұндай жағдай барлық ауыл мектептерінің басында бар. Сол себепті, біздің спортшыларды басқа аймақтарға жарысқа апару үшін амалсыз қауіпсіздік тәртібін бұзуға мәжбүрміз,  – деді Қабыш Елшин.

 

Ауданымызда талантты жас спортшылар легі өсіп келе жатыр. Оларды әкімшілік және қаржылық кедергілер мазаламас үшін, спорт мектептерінің бапкерлері мен тәрбиеленушілерінің бірінші кезектегі мәселелері жедел шешілгені абзал. Өйткені, спортшылар жеңісі – ауданның абыройы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған