Еңбегімен еленген тұлғалар

Осакаров ауданының әкімі Нұркен Кобжанов үш шақырылым депутаты, № 9 гимназия директоры Наталья Ревякина мен Молодежный кентінің әкімі Абдикасим Садиковты зейнет демалысына шығарып салды.

Еңбегімен еленіп, зейнетті көрер шаққа жеткен тұлғаларға дәстүр бойынша иықтарына шапан жауып, қошемет көрсетілді.

42 жыл бойы ұстаздық етіп, бастауыш сынып мұғалімінен мектеп директорлығына дейін баспалдақтан өткен Наталья Владимировна  өзін сауатты, жоғары білікті маман, шебер әкімші ретінде көрсетті.  Белсенді қоғам қайраткері Осакаров аудандық мәслихатының үш шақырылым депутаты. Адал еңбегімен ауданның білім беру жүйесін дамытуға елеулі үлесі қосты.

Өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарап, еңбек жолын ветеринариялық дәрігер болып бастаған Абдикасим Абдикаримович  Трудовой ауылында 15 жыл еңбек етті. Қосымша білім алып, ішкі істер бөлімінде тергеуші болып қызмет етті. Трудовой ауылдық округінің әкімі қызметінде 7 жыл, Молодежный кентінде 3,5 жыл әкім қызметін атқарды. А. Садиковтың әділдігі мен талапшылдығы, бастаған ісіне тындырымдылығын кент келбетінен көруге болады.

Нұркен Сайфиддинұлы салтанатты шарада: «Ауданның дамуы жолында алдымызға бір мақсат қойып, жоғары көрсеткіштерге бірге жеттік. Ендігі кезекте келер буынға ақыл-кеңестеріңізді айтып,  өз тәжірибелеріңізбен бөлісіп, қоғамдық жұмыстарға ат салысыңыздар,- деген аудан басшысы, әріптестеріне денсаулық, отбасыларына береке тіледі.

Гүлім Сембай

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған