Домбыра мен қобыз Түркия сахнасын бағындырды: 10 мыңнан астам көрермен Қарағанды оркестрінің концерттерін тамашалады
Тәттімбет атындағы Қарағанды қазақ халық аспаптар оркестрі 16–27 қыркүйек аралығында Түркияда гастрольдік сапармен болып қайтты. 10 мыңнан астам көрермен алдында қарағандылық орындаушылар домбыра мен қобыз арқылы «Ұлы Дала тарихын» баяндап берді.
Музыканттарды Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайын мерекелеу аясында шығармашылық турнеге шақырды.
– Біз құрылтайға қатыстық, сондай-ақ Алания, Анталия, Хатай, Газиантеп, Ыстамбұл және Конья қалаларында концерттер бердік. Оркестрдің концерттерін Түркияның 10 мыңнан астам көрермені тамашалады, – дейді Қ. Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің жетекшісі Талғат Ыдырысов. – ЭКСПО-ның ашылуына дайындалып жатқан Хатайда амфитеатр залын бірінші болып сынап көру сәті түсті, дегенмен онда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бізге ЭКСПО ашылуында да өнер көрсету туралы ұсыныс түсті. Бірақ бұл тек жоспарда.
Көптеген түрік көрермендерін қазақ халық аспаптарының үні таң қалдырды. Гастрольдегі оркестрдің концерттік бағдарламасы әр түрлі болды.
– Дәулеткерей, Құрманғазы, Тәттімбет, Махамбеттің күйлері мен Тілендиевтің заманауи әндерін орындадық. Сонымен қатар белгілі түрік композиторларының шығармалары, түрік әндеріне попурри орындалды. Көрермендерге өте ұнады, олар ән айтып, би биледі, – деді Тәттімбет атындағы Қазақ халық аспаптары академиялық оркестрінің дирижері Ерлан Бақтыгерей.
Ал қазір ұжым қазан айында жаңа концерттік маусымның ашылуына дайындалуда, онда қазақ және орыс классиктерінің шығармалары, сондай-ақ гастрольдер бағдарламасынан әндер шырқалады.