Чернобыль ардагері наградталды
Аудан әкімінің орынбасары Алма Шалабаева Осакаровка кентінің тұрғыны, Чернобыль ардагері Алпысбай Ерсаринге Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар Министрлігінің 2021 жылғы 23 сәуірдегі № 129 ж/қ бұйрығымен «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісін табыстады.
Осыдан 35 жыл бұрын, яғни 1986 жылы 26 сәуірде Украинаның Чернобыль қаласындағы атом-электр стансасының төртінші блогі жарылды. Апаттың зардабын жою жолында жүз мыңдаған сарбаз отан алдындағы борыштарын атқарды. Солардың қатарында Алпысбай Ерсарин де болған еді. Ол 1987 жылы 25 қарашада әскери міндетті оқуға шақырылған.
– Қарағанды облысынан 25 адам бардық. Беларуссияның Гомель қаласына жеткенде ғана Чернобыль атом электр станциясына баратынымызды бірақ білдік деді. Мен ол кезде 30 жасқа толған кезім. Бір айдан кейін 30 жасқа толмаған жігіттерді қайтарды. Екі айдың ішінде ақ қан ауруына ұшыраған жігіттерді Қырымға жіберді. Мен апат орнында 5 ай болдым. Радиация мөлшерін тексеру жұмысына бөлініп, алға қойған әскери міндетімді орындадым,- деа еске алды Е. Уәлиұлы.
Алпысбай Ерсарин 1957 жылы Нұра ауданында дүниеге келген. 1975-77 жылдары әскери борышын өтеп келген соң, Абай қаласындағы шахтаға жұмысқа орналасты. 19 жыл шахтада жер астында еңбектенген. 2008 жылдан Осакаровка кентіне тұрып жатыр.
Гүлім Сембай