Бейбітшілік – бəрінен қымбат
Қазақ халқы үшін бейбітшілік бағасына құн жоқ. Талай тарих керуенін бастан кешкен еліміз ынтымақтастық қана қоғамды тек игі бастамаларға жетелейтінін бес саусақтай біледі. Оны уақыт дəлелдеп берді. Жамбыл облысының Қордай ауылында болған оқиға көпшілікті бей-жай қалдырмады. Мемлекет басшысы Үкіметке Қазақстан халқы Ассамблеясымен жəне ақсақалдармен бірлесіп халықты тыныштандыру, екі тараппен диалог орнату міндетін қойды.
Дүйсенбі күні аудан əкімі Нұркен Кобжанов этномəдени бірлестіктер өкілдері, ауданның еңбек ардагерлері, қоғамдық кеңестің, аналар кеңесінің төрағалары, депутаттар жəне мемлекеттік мекеме басшыларымен кездесу өткізді. Кеңесте ұлтаралық татулық, мерейтойлық іс-шараларға дайындық аясында «Азалы ана» мемориалдық кешенін қайта құру сұрақтары көтерілді.
Кездесуде аудан əкімі Нұркен Кобжанов Жамбыл облысының Қордай ауданында болған оқиға туралы айта келе, «Қазақстан – бүгінде достық пен келісімде 40-тан астам конфессияға біріккен 100-ден астам этнос өкілдері тұратын көпұлтты ел. Мемлекет басшысы Үкіметке Қазақстан халқы Ассамблеясымен жəне ақсақалдармен бірлесіп халықты тыныштандыру, екі тараппен диалог орнату міндетін қойып отыр. Аудан аумағында конфессияаралық жəне этносаралық келісімді қамтамасыз етіп, аймақта мұндай жағдайдың орын алмауын, оған жетелейтін алып келген алғышарттарды анықтау жəне дер кезінде жою, сіз бен біздің міндетіміз. Бүгінгі диалог алаңында кеңес, пікір жəне ұсыныстар алмасу үшін кездесіп отырмыз. Бұл – келісімді қамтамасыз етудің өте маңызды сатысы», – деді аудан басшысы.
Сөз алған аудан əкімінің орынбасары Алма Шалабаева: «Біздің аудан облыс аумағындағы аудандардың арасында көп ұлттылығымен ерекшеленеді»,- деді. Бүгінде ауданда 6 этно-мəдени бірлестік жұмыс істеп тұр. Олар бейбітшілікті насихаттап, ұлттық құндылықтарға, мəдениет пен салт-дəстүрге деген қалыптасқан өзара мығым сыйластық достықты нығайта түсуде. Алма Қабыкенқызы қазіргі уақыт талабына сай, бірлестіктер бағытын басқа арнаға бұрып, өз шараларына жастарды көбірек тартып, жиі кездесулер өткізуді ұсынды.
Жиын барысында қоғамдық кеңес төрағасы Ержан Сүлейменов, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ислам Шəкірбеков, Александр Торговкин, Геннадий Головченко сынды ақсақалдар өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.
Сондай-ақ аудандағы мерейтойлық іс-шараларға дайындық аясында оқушыларға қосымша білім беру орталығының аумағындағы «Азалы ана» мемориалдық кешенін қайта құру мəселесі талқыланып, аудан əкімі кешеннің кешегісі мен бүгінін, қандай өзгерістер енгізілетінін көрсетті.
Ескерткішті қайта жаңарту жөніндегі тұсаукесер талқыланып, сындарлы ұсыныстар мен ескертулер де болды.
Өзара түсіністік, бауырмалдық пен достық, бейбітшілік салтанат құрып тұрған ауданның 80 жылдығы, кенттің 110 жылдығы қарсаңында маңызды шаралар көп.
Гүлім Сембай