Бағымды ашқан – Атамекен

Қазақстан Тәуелсіз ел болып жарияланған жылы дүниеге келген сәбилердің мақсаты айқын, ойы азат. Елімізде Тәуелсіздіктің туы желбірер қарсаңда өмірге келген Керейхан Оралсын бүгінгі күнде Осакаровка кентінде дүкенін ашып, жеке кәсіпкер атанып отыр. Әңгіме барысында жас кәсіпкер, ел Тәуелсіздігі жайлы толғаныстарымен қоса өз өмірбаянынан сыр ақтарды.
– Тәуелсіздік алған жылғы сәбилердің бойында ерекше сезім болатын сияқты?
– Әрине, Тәуелсіздікпен қатар өмірге келгенімді мақтан етемін. Мен Керейхан Оралсын 1986 жылы Моңғолия мемлекетінде дүниеге келдім. Жастайымнан туған Отаным Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғанын естіп, біліп, аңсап келгеннен кейін осында білім алып, еліме адал қызмет етуге бел шешіп кірісіп кеттім.
– Кәсіпкерлікті таңдауыңыздың себебі неде?
– Біздің кәсіпкерлік таңдауымыз отбасы болып бір мақсатқа жұмылумен жүзеге аса бастады. «Отан отбасынан басталады», деген дана халқымыз ежелден отбасы келешегіне немқұрайлы қарамаған. Сыйластық, жарастық орнаған ортада жұбайым- Ербол Айгүлмен осы кәсіпті бірге аштық, 4 кішкентай балапандарды тәрбиелеп өсіріп жатырмыз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, ұлын ұлтжанды, қызын қылықты етіп өсіру ол әр ата-ананың міндеті болуы да сондықтан.
Әкем Авдикер Керейхан мені үнемі өз ісінің маманы болуға, әр ісіме, өзіме жауапкершілікпен қарауды үйретіп отырады. Ата-анамның кенжесі болғандықтан болар, еркелігім де жетерлік еді. Ағам менің сабағымды қадағалайтын, енді менің кәсіпкерлік қабілетіме тәнті болып, ол да ұялы телефондарды жөндейтін дүңгіршекті ұстап отыр. Ауылдағы орта мектебін 2006 жылы тәмамдап, Түркия мемлекетінде жоғарғы білім алдым, техника тілін жетік меңгерген шебер маман болуды жасымнан армандаған едім.Түрлі сайыстарда оқушы ретінде жетістікке жетсе, анам Бөкейхан Сайранның қуанышы қойнына сыймастай болып шаттанатын.
– Кәсіпкерлік қызметтің ерекшелігі – үздіксіз ізденіс пен өмір бойы оқып, үйрену. Осы орайда, қандай білім ордаларында оқуыңызды жалғастыруды қалайсыз?
– Иә, дұрыс айтасыз, үздіксіз ізденісте жүреміз. Кешегі алған білімің лезде өзгеріп кетеді. Қазір сандық ақпарттар ғасыры. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, келешегіміз жарқын болуы да білімге байланысты. Сондықтан заман ағымынан қалыспай, кәсіби біліктілікті жетілдіру баршаға ортақ міндет деп білемін. Алғаш Елорда құрылысына бала кезімнен араласқанымды мақтан тұтамын. Бүгінгі Нұр – Сұлтан қаласындағы самаладай жарқырап, көзге алыстан көрінетін «Абу – Даби үш ғимаратына» қарапайым құрылысшы ретінде үлесімді қосқаныма мақтанамын. Одан кейін құрылыстан жинаған қаражатқа ұялы телефонондар жөндейтін ұяшықты жалға алдым. Мен 2013 жылы кәсіпкерлік білімді шыңдау мақсатында Қарағанды облысы, Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының Осакаров ауданы бойынша филиалы Осакаровка кентіндегі «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында бизнес бастаудың алғашқы қадамдарына оқып, сертификат алдым. Осы қадамым өмірге құштарлығымды арттырып, бағымды ашқандай болды. Артынан мемлекеттік қолдау арқылы несие алып, дүкен аштым.
Болашақта IT-мамандығы бойынша талапкерлерді оқыту жоспарымда бар. Кәсіпкерлік еңбек өтіліме де біраз болыпты. Әрдайым өзіме жүктелген тапсырманы жауапкершілікпен орындауға тырысамын.
Әр ұйымдастырылатын іс-шараның техникалық жабдығын қадағалап, көптеген жұмыстарды тындырымдылықпен орындап келе жатқан және өз дүкеніне тек сапалы тауарларды жеткізіп, тұрғындардың ыстық ықыласына бөлене білген Керейхан отбасының еңбекшіл әулеті және осы кәсіпті шебер меңгеріп отырған Оралсынның еңбегі кәсіпкерлік тарапынан лайықты бағалануда. Еңбекшіл әулеттің жеке құжаттарының арасында жинақталған «Құрмет грамоталары» мен «Алғыс хаттары», сертификаттары- бизнес жүйесіндегі еселі еңбегін әйгілейді.

Сержан Смаханұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған