Қазақтың би-шешендерінің мұрасы»
Осакаров ауданы Әкімдігінің қолдауымен «Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасы» ММ, Заңды тұлғалардың бірлестігі «Қарағанды облысының Азаматтық Альянсы» Қауымдастығы ұйымдастырған «Қазақтың би-шешендерінің мұрасы» атты тақырыпта ZOOM – конференциясы өтті. Онлайн форматтағы конференция модераторы – Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлов.
Алаш Арыстарының бірі Х. Досмұхамедовтің «Қазақтың халық әдебиеті», М. Әуезовтің «Қазақ әдебиеті» атты зерттеулерінде шешендік сөздер халық ауыз әдебиетіндегі жеке жанр ретінде қарастырылды. Ұлт ұстазы А.Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» еңбегінде риториканы – «ділмар сөз» деген атаумен қарастырған. Қазақ хандығының ел басқару жүйесінде би-шешендердің мемлекет істеріне тікелей араласып, «қара қылды қақ жаратындай билік айтатын» тура да дәл шешімнен тұратын даналық дәстүрінің бірнеше мысалдарын келтірген модератор, Қаз дауысты Қазыбек бидің жоңғар ханына барып тұтқындағы жұртты «Біз қазақ деген ен жатқан елміз, Елінің шетін жау баспасын деп найзасына үкі таққан елміз» деп басталатын шешендік сөзі арқылы елді жаудан босатып әкеткен ділмарлығына тоқталды.
- Тапқырлық сөздер қиын заманда қазақтың тұтастығын, ұлттық қасиеттегі болмыс-бітімін сақтап қалу жолында баға жетпес байлық ретінде шешендік өнерге ұласып, келер ұрпаққа табиғи қалпында жетіп отыр, – дейді Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы, Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының (МАИН) академигі, әдебиеттанушы ғалым, сыншы Жандос Қожахметұлы.
Осакаров аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Қазақтың би-шешендерінің мұрасынан» ой қозғап, сот, билік айту, әдебиеттік өнері, жер дауы, жесір дауы, құн дауы сынды тақырыптарына тоқталды. «Сөз-жүректің кілті, Көз-ойдың көрінісі», «Ар-намыс», «Адамның қарым-қатынас құралы» барлығын біріктіретін бір «СӨЗ» ұғымы екенін тыңдаушыларға жеткізіп, көкейде жүрген сұрақтарына жауап берді.
Зум платформасында өткізілген лекторий мәдениет, кітапхана қызметкерлері мен мұғалімдер үшін тағылымы мен тәрбиесі мол, тартымды да қызықты өтті.