Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарына 15 млрд теңге төленді

Жыл сайын 31 мамырда Қазақстанда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні атап өтіледі. 2003 жылдан бастап осы санаттағы азаматтарға біржолғы ақшалай өтемақы және арнайы мемлекеттік жәрдемақы ретінде 14,9 млрд теңге төленді.

Биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен 10 230 азаматқа 5 834 (2 АЕК)-тен 43 755 теңгеге (15 АЕК) дейін 198,4 млн теңге сомасында біржолғы материалдық көмек көрсетілетін болады.

Қазақстан аумағында ГУЛАГ құрылымының ең ірі лагерлері – АЛЖИР, Степлаг, Карлаг болғандығы белгілі. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстан лагерлеріне 5 млн-нан астам адам жер аударылды.

1921–1954 жылдар аралығында Қазақстанда 100 мың адам сотталды. Олардың 25 мыңына ең жоғары жазалау шарасы – ату жазасы қолданылды.

1930–1940 жылдары Қазақстан миллиондаған кеңес азаматтары үшін депортация орны болды. 1937 жылдың күзінде республикаға жүздеген мың кәрістер, түріктер, ирандықтар, күрдтер мен әзірбайжандар қоныс аударды. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы жылдарында елге немістер, гректер, шешендер, ингуштар, қарашайлар, балқарлар, қырым татарлары және басқа да халықтар жер аударылды. Олардың саны 1 миллион 200 мың адамды құрады.

Әлеуметтік мемлекеттік жәрдемақыларды төлеуге 2021 жылы 1 млрд 259 млн теңге жоспарланған. Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандары және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендер қатарынан АМЖ алушылар саны осы жылдың 1 мамырына 32 229 адамды құрады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған