Қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі мемлекеттің рөлі
«Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар алдына тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бірқатар нақты міндеттер қойды. Олардың шешімі экономиканың одан әрі өсуіне, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталып отыр.
Жолдауда атап көрсеткендей, жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жаза қатайтылды. Осакаров ауданында отбасы тұрмыстық қарым –қатынастар саласында жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу, жасөспірімдер мен балалардық құқықтарын қорғау шаралары жүзеге асырылуда.
Осакаров ауданының ПБ есебінде тұрған тұлғалар тарапынан ҚР ӘҚБК әр түрлі баптары бойынша 1051 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 101 қорғау нұсқамасы шығарылып, оның талаптарын бұзғаны үшін 5 адам жауапкершілікке тартылды. Арнайы жүргізілген рейд арқылы 9 адам есепке қойылды. ПБ КҚПБ-да «тәуліктік кезекшілікте» отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған қылмыстардың күн сайынғы есебі жүргізіліп, үнемі назарда ұстауда.
Ауданда отбасы-тұрмыстық қарым-қатынас саласында құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында құрылған комиссия мүшелерімен учаскелік полиция инспекторларының және басқа да мүдделі ПБ қызметкерлерінің жеке құрамымен ҚР Заңдарын зерделеу бойынша шаралар атқарылуда. Биыл аудан аумағында отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында қылмыс тіркелген жоқ.
Сонымен қатар Осакаров ауданының әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Қорғаншылық және қамқоршылық бөлімі, әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімі, ювеналды полиция, тағы басқа қызметтермен бірлескен жұмыс барысында өмірлік қиын жағдайдағы балалар мен жасөспірімдерге әлеуметтік, психологиялық, құқықтық көмектер көрсетілуде. Сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасында балалар қылмыстылығын, панасыз қалуын болдырмау, заңды мүдделерді, және құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді.
Елдегі тұрақтылық пен тыныштық – баршаға ортақ құндылық. Жолдау талаптары барлығымызға тапсырылған міндет деп қабылдаймыз.
Алма Шалабаева,
аудан әкімінің орынбасары