Қауіпсіздік – қатаң бақылауда
4 мамырда аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Ламбеков өрт қауіпсіздігі және суға түсу кезеңіне дайындық барысы бойынша отырыс өткізді.
Комисиия отырысына Осакаров ауданының ТЖ бөлімінің басшысы Данияр Сулейменов, АҚ және ТЖ бас инспекторы Серікжан Мусипов қатысып, бөлім, дербес мекеме басшылары, кенттер мен ауылдық округ әкімдері Зум платформасы арқылы қосылды.
ТЖ бөлімінің басшысы аудан бойынша ТЖ алдын алу және өрт қауіпті кезеңге дайындық барысы туралы баяндады.
– Ағымдағы жылдың басынан бері аудан аумағында 12 өрт жағдайы тіркелді. Өкінішке орай, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 28% – ға артты. Өрттің негізгі себептері пешпен жылытуды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзып, ашық от пен электр қондырғыларын дұрыс пайдаланбау салдарынан болды. Сондай-ақ жыл басынан бері 10-нан астам дала өрті тіркеліп, жалпы саны 100 га болатын 2 өрт жағдайы есепке алынды,- деген ТЖ бөлімінің басшысы, жүргізілген жұмыстар жайлы айтып өтті.
Өткен жылы ТЖ Бөлімінің бастамасымен Батпақ, Садовый және Есіл ауылдарының әкімдіктері «Жанай» ЖШС, «Найдоровское» ЖШС, «Садовое» ЖШС және «Ясная поляна» ШҚ базасында өрт бекеттерін құрған. Биыл Шұңқыркөл, Сұңқар, Қарағайлы және Жансары елді мекендерінде 2 өрт сөндіру бекетін құру жоспарлануда.
Шаруашылық субъектілерімен мемлекеттік және жеке серіктестік негізінде өрт сөндіру бекеттерін құру өз нәтижесін көрсеткен.
Отырыс барысында 2021 жылғы шомылу маусымы кезінде азаматтардың аудан су айдындарында қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткізілген іс-шаралар да назардан тыс қалмады.
Аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Рымбайұлы жиынға қатысушыларға, білім беру мекемесінің басшыларына өрт қауіпті және шомылу кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қатаң бақылауды тапсырды. Сонымен қатар кент, ауылдық округ әкімдері шаруа қожалықтарымен тығыз өзара іс-қимыл жасауы қажеттігін баса айтты.
Айта кетері, ауданда 70-тен астам су айдыны бар. Қ. Сәтбаев атындағы канал аудан аумағы арқылы өтеді. Бұл су қоймаларының ешқайсы да шомылуға арналмаған.
Гүлім Сембай