Қарағанды облысының жеті мәдениет мекемесі «Рухани қазына – 2021» фестивалінің жеңімпаздары атанды
Қарағандыда «Рухани қазына – 2021» республикалық фестивалінің жеңімпаздарымен кездесу өтті. Қарағанды облысының мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлері арасындағы байқауға биыл 25 номинация бойынша 22 өтінім берілді.
Үздіктерді марапаттау «Rixos Бурабай» қонақ үйінде өтті. Байқауға еліміздің 15 өңірінен мұражай, кітапхана және мәдени-демалыс салалары бойынша барлығы 323 өтінім келіп түсті, оның ішінде 170 кітапхана, 90 мәдени-демалыс орталығы және 63 мұражай.
Әр номинацияда жеңімпаз-ұжымға миллион теңге, ал жеке жобада – 500 мың теңге табыс етілді. Барлығы 53 номинация, сондай-ақ үздік деп танылған басқа лауреаттар үшін арнайы сыйлықтар болды.
Қарағанды облысынан «Рухани қазына – 2021» республикалық байқауының жеңімпаздары:
– «Үздік мұражайлық онлайн-жоба» – Қарағанды облысы Долинка кентіндегі Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы;
– «Балаларға арналған үздік мұражайлық онлайн-жоба» – Қарағанды облысының Тұңғыш Президентінің тарихи-мәдени орталығы;
– «Мұражайдың үздік инклюзивті онлайн жобасы» – Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайының ғылыми қызметкері Айгүл Омарованың жобасы;
– «Ауылдық маңызы бар мемлекеттік мұражайдың үздік қызметкері» – М. Төрегелдин атындағы Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайының қызметкері Үрзия Қапарова;
– «Мәдениет жанашыры» мұражай ісі саласында – Жезқазған қалалық тарихи-археологиялық мұражайының ғылыми қызметкері Эльвира Мұхамедина;
–«Әлихан Бөкейхан атындағы сыйлық» (мұражай ұйымдары арасында) – Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы;
– «Облыстық маңызы бар үздік мемлекеттік балалар немесе балалар мен жасөспірімдер кітапханасы» – Абай атындағы облыстық балалар кітапханасы.
Жеңімпаздар саны бойынша Қарағанды облысы Ақмола облысынан кейін екінші орынға ие болды.
Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ақпараты бойынша
18
01 маусым 2021