Қарағанды облысында су тасқыны бойынша жағдай тұрақты

Қарағанды облысында су тасқынына қатысты жағдай ерекше бақылауда. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермағанбет Бөлекпаев және ТЖ департаментінің бастығы Ибрагим Күлшімбаев су тасқыны қаупі бар аймақтарды аралап шықты. Олар Бұқар Жырау, Нұра және Абай аудандарының аумағы арқылы өтетін Нұра өзенінің арнасына, сондай-ақ Сасықкөл көліне және Ащысу, Самарқанд, Ынтымақ, Жартас, Шерубай-Нұра су қоймаларына аэровизуалды тексеру жүргізді.

Елді мекендер ішіндегі, сондай-ақ автожолдардағы алдын алу шаралары мен инженерлік жұмыстар облыстағы су тасқыны кезеңінің қолайлы өтуіне көмектеседі.
Тұрғын үйлер мен нысандарды су басу қаупі жоқ.
Ірі су қоймаларында тасқын суларды қабылдау және апаттық қауіп төндірместен ол суларды ағызу үшін бос орындар бар.

Космомониторинг мәліметтері бойынша, қар жамылғысының ауданы 10%-дан аз ауданды құрайды. Ол негізінен Осакаров ауданының солтүстігінде, сондай-ақ Нұра және Бұқар Жырау аудандарының жоғарғы бөлігіндегі аумақтар.
Наурыз бойы облыс өзендерінде мұз кептелісін болдырмау үшін 17 учаскеде мұз жару жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, автомобиль және темір жолдардағы 4 900-ге жуық су өткізу құрылыстары тазартылды.
Облыстың елді мекендерінде қар шығару, арықтарды, каналдарды тазалау, су бұру траншеяларын орнату бойынша жұмыстар жүргізілді. Барлығы 2 млн 855 мың текше метр қар шығарылды.

2019 жылы облыс бойынша 47 шақырым қорғаныс бөгеттері мен біліктері салынды және нығайтылды, 11 шақырым өзен арналарына инженерлік іс-шаралар жүргізілді, 12 шақырым су бұру арналары салынды және жөнделді, 24 автожол учаскесінде су өткізу құбырлары орнатылды. Гидротехникалық құрылыстарда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

2015 жылдан бастап 2019 жылға дейін облыста 190 шақырым қорғаныс үйінділері салынды, 140 елді мекен аумағында 62 шақырым өзен арналарында инженерлік іс-шаралар жүргізілді.
Қажетті арнайы техника мен жабдықтармен күшейтілген ТЖД күштері мен құралдарының алты жиынтық тобы тұрақты дайындықта.

Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметінің ақпараты бойынша

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған