Қарағанды облысында «Мен – қазақпын!» атты ақындар байқауы өтті

Ж. Бектұров атындағы Қарағанды жастар кітапханасында онлайн режимінде «Мен – қазақпын!» Ақындар байқауы өтті. Сайыс қазақ ақыны Жұбан Молдағалиевтің туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Қатысушылар 16-25 жас аралығындағы талантты поэзия әуесқойлары болды. Қарағанды облысының 12 қаласы мен ауданынан 42 адам байқауға өз өтінімдерін жіберді. Ақтық турға 12 үздік автор өтті.

Төрешілер ретінде Қазақстанның үш ақыны және белгілі шығармашылық қайраткерлер: «Орталық Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Ілияс Мұхаев, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің аға оқытушысы Салтанат Кеңесбекова және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бағдат Мүбарак сайыскерлерге баға берді. Күрделі таңдау нәтижесінде мүшайраның алты жеңімпазы анықталды.

Олардың барлығы Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының дипломдарымен, сондай-ақ ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Бас жүлде мен 50 мың теңге Е. А. Бөкетов атындағы ҚарУ студенті Ернұр Төкен иеленді. «Дарын» мектебінің оқушысы Асқар Мағжан бірінші орын мен 40 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Екінші орын және 30мың теңге ақшалай сыйлық Шет ауданының тұрғыны Мөлдір Смайлға, ал қола жүлде және 20 мың теңге Орталық Қазақстан академиясының студенті Әсемгүл Алдабергенге бұйырды.

Сондай-ақ, ынталандыру сыйлығы мен 7 500 теңге Е. А. Бөкетов атындағы ҚарУ студенті Бектас Жұманға және Ж. К. Бөкенов атындағы Қарағанды банк колледжінің оқытушысы Кәмшат Хасеноваға табысталды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған