Қарағанды облысында Күзембаев атындағы шахтада жерасты позициялау жүйесі енгізілді
Қарағанды облысында екінші көмір кәсіпорны жерасты позициялау және радиобайланыс жүйесімен жарақтандырылды. Бұл шахтада болып жатқан оқиғаларды бақылауға мүмкіндік береді және апат болған жағдайда зардап шеккендерді құтқару мүмкіндігін арттырады.
Бірінші жүйені «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Қазақстан» шахтасы сынап көрді. Екінші болып Түсіп Күзембаев атындағы шахта қолданып көрді.
Кәсіпорында хабарлағандай, жұмыстар 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап жүргізілген, жақында жүйе пайдалануға қабылданды. Жүйені қолданысқа енгізумен Екатеринбург қаласындағы ресейлік фирма айналысты.
– Жаңа жабдықтар орнатылды, түрлі кабельдер төселді. Бейнекамералар жер астындағы процесті үнемі бақылауда ұстайды. Енді диспетчер шахтада не болып жатқанын толық көреді: бейнекамералар бойынша ғана емес, сонымен қатар бас шамдардағы датчиктер бойынша да, – деп түсіндірді Түсіп Күзембаев атындағы шахтаның желдету учаскесін орналастыру жүйесінің және қауіпсіздік техникасының механигі Сергей Игнатов.
Штаттан тыс жағдай немесе апат жағдайында зардап шеккендерді, оның ішінде үйінділер астында қалғандарды іздестіруге арналған құрал бар. Шахтаның қызметкерлеріне оны қалай пайдалану керектігін «Көмір» әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметінің жауынгерлері үйретті.
Позициялау жүйесі бақылау мен жедел байланысты қамтамасыз етеді. Жерасты мониторингі – бұл еңбек қауіпсіздігін арттырудың тағы бір қадамы.
karaganda/press/news