Қарағанды облысында дәрі-дәрмек қоры қамтамасыз етілуде

Қарағанды облысында вирустық инфекциялармен сырқаттанушылықтың ықтимал өршуі кезеңінде дәрі-дәрмек тапшылығына жол бермеу үшін қажетті шаралар қолданылуда. «Сарыарқа» ӘКК жанынан дәрі-дәрмектердің тұрақтандыру қоры құрылды. Дәріхана қоймаларында қорлар қамтамасыз етіледі.

Бұл ақпаратты облыс әкімі Жеңіс Қасымбек онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте тыңдады.

– Облыста 676 жеке дәріхана және 34 жеке дәріхана қоймасы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта облыс дәріханаларында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағдайы тұрақты. Дәріхана қоймалары қалыпты режимде өңірлерге жөнелтулер жүргізуде. Дәріханалар мен қоймалардағы дәрілік заттардың қоры жеткілікті, – деді Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті департаменті басшысының міндетін атқарушы Юрий Залыгин.

Оның айтуынша, дәріхана қоймаларында 127 мың парацетамол, 10 мың ацетилсалицил қышқылы бар. Жақын арада Беларусь, Украина және Ресейден осы дәрі-дәрмектердің үлкен партияларын жеткізу күтілуде.

Облыс әкімдігі ведомстволармен бірлесіп, аурудың шарықтаған кезеңінде дәрі-дәрмектерге қажеттілік қаншалықты болатынын анықтады. Халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді құрамына құқық қорғау органдары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары кіретін жұмыс тобы қадағалайтын болады.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, дәрі-дәрмек қоры емханалар мен стационарларда да құрылуда. Медициналық өнімдерді сатып алуға қосымша өтінімдер берілді және дәрілік препараттардың тұрақтандыру қоры құрылды.

Ержан Нұрлыбаев диспансерлік есепте тұрған пациенттерді қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету туралы айтып берді. Адамдар өздерін қауіп – қатерге ұшыратпауы үшін оларды емханаға бару қажеттілігінен құтқарады. Оларға дәрі-дәрмектерді бірден үш айға беру туралы шешім қабылданды.

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі ерекше бақылауда, деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

– Алда күрделі кезең күтіп тұр, кез-келген сценарийге дайын болу керек, – деп атап өтті аймақ басшысы. – Дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдар қорын құру, диспансерлік науқастарды дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету – бұл біздің жұмысымыздың маңызды бөлігі. «Фармация» СК-дан жедел жеткізілімдерге қол жеткізу қажет. Тапшылықтың алдын алу үшін шалғайдағы ауылдық елді мекендердегі жағдайды бақылап отырыңыздар.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған