Қарағанды облысында бизнесті қолдау үшін жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы жұмыс істейді

Шағын және орта бизнесті қолдау үшін Қарағанды облысында ТЖ режимінің әрекет ету кезеңінде жылдық 8% жеңілдікпен несие берудің жаңа бағдарламасы басталды. Сонымен қатар мұндай қарыздар нысаналы мақсатсыз беріледі. Бұл туралы облыс әкімдігінде селекторлық режимде өткен аппараттық кеңес барысында кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева мәлімдеді.

Қазірдің өзінде банктер мақұлдаған алғашқы жобалар бар.

– Бұл ретте жеңілдетілген несие беру бағдарламасында ешқандай салалық шектеулер қарастырылмаған. Тіпті қызметкерлерге жалақы төлеуге, шарттық міндеттемелерді орындауға несие алуға болады, – деп атап өтті Татьяна Аблаева.

Естеріңізге сала кетейік, облыста кәсіпкерлерге жедел көмек көрсету штабы жұмыс істейді. Оған кәсіпкерлер палатасы мен басқарма мамандары кіреді. Күн сайын штабқа келіп түскен 250-ге дейін қоңырау өңделеді, оның ішінде оқиға орнына шығу арқылы шешілетін мәселелер де бар. Бүгінде мамандар 4 мың өтініш қабылдады.
Қарағанды қаласының ірі сауда орталықтарының иелері ТЖ режимі аяқталғанға дейін жалдау ақысын тоқтатты. Екінші деңгейлі банктер бизнес өкілдеріне несие төлеу мерзімін кейінге қалдыруға дайын.

Татьяна Аблаеваның айтуынша, жұмыс істемей қалған кәсіпкерлер мен олардың қызметкерлері 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлемдер үшін өтініш жасауда.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.