Жеңіс Қасымбек темір жол вокзалында жасалған жұмыс сапасына қанағаттанбайтынын жеткізді.

Қарағанды теміржол вокзалында мердігерлер кемшіліктерді жоюды жалғастыруда. ҚТЖ өкілдерімен бірге облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жаңа ғимаратты аралап, құрылыс жұмыстарының сапасы бойынша ескертулер жасады.

– Эскалаторды әлі күнге дейін тапсырған жоқсыздар. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін барлық жағдайлар қамтамасыз етілуі тиіс. Жолаушылар келтірілген ыңғайсыздықтарға тағы қанша шыдауы керек?! Әлеуметтік желілерде сіздерге қатысты шағымдар өте көп. Нәтиже қайда, уәде етілген жайлылық қайда? – деп аймақ басшысы наразылық білдірді.

Облыс әкімі сондай-ақ вокзал басшылығына перрондағы қар мен мұз тазалауға қатысты сын айтты. Жер үстімен жолақтарға өтетін өткел әлі пайдалануға қабылданбаған.

Облыстық МСҚ басқармасының басшысы Алмас Сүлейменовтың айтуынша, құрылыс мерзімдерін бұзғаны және ескертулерді дер кезінде жоймағаны үшін кінәлілер жауапқа тартылады.

– Мердігерге бірнеше рет ескерту жасалды. Ішкі жұмыстар бойынша да, сыртқы безендіру бойынша да. Аспалы төбе бойынша конструктивтік кемшіліктер анықталды. Пластикалық қалқалар күшейтілген жоқ. Тағы бірқатар ескертулер бар, олардың кейбірі жойыла бастады. Тек мердігерді ғана емес, авторлық және техникалық қадағалауды да әкімшілік жауапкершілікке тартамыз, – деп түсіндірді Алмас Сүлейменов.

Қарағанды теміржол вокзалы 1956 жылы салынған. Ауқымды қайта құру оның аумағын кеңейтуге және қазіргі заманғы стандарттар бойынша инфрақұрылым жасауға мүмкіндік береді. Бұған қоса, жолаушылар ағыны екі есе өседі деп күтілуде.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған