Жеңіс Қасымбек сенаторларға Қарағанды облысындағы Азаматтық қорғау жүйесі туралы айтып берді

ҚР Парламенті Сенатында Қарағанды облысының Азаматтық қорғаудың өңірлік жүйесі мәселелері талқыланды. Палата вице-спикері Асқар Шәкіровтің төрағалығымен Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысы өтті. Оған облыс әкімі Жеңіс Қасымбек, өңірдің ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдері қатысты.

– Бес жыл ішінде төтенше жағдайларға қарсы іс-қимыл инфрақұрылымын қамтамасыз ету пайызы 2,7 есеге – 22-ден 62%-ға дейін ұлғайды. 2021 жылы 112 бірыңғай қоңырау шалу нөмірімен төтенше жағдайлар, полиция және жедел медициналық көмек (шұғыл әрекет ету) жөніндегі диспетчерлік қызметтердің өзара іс-қимылы үшін бірыңғай диспетчерлік қызмет құру жоспарлануда, – деп хабарлады Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімі су тасқынына қарсы тұру үшін бес жыл ішінде не істелгенін айтты. Осы кезеңде аймақта 215 шақырым қорғаныс бөгеттері мен біліктер тұрғызылып, нығайтылды. 65 шақырым су тасқыны қаупі бар өзен арналарын тазарту жұмыстары жүргізілді, 141 шақырым дренаждық және су бұру жүйелері нығайтылды және тазартылды. 32 шақырым су бұру арналары салынды және жөнделді, автомобиль жолдарының 129 учаскесінде су өткізу қабілеті ұлғайтылды.

Бұқар Жырау ауданында Мұстафин кенті толығымен қорғағыш бөгеттермен қоршалды, оның тұрғындары көп жылдар бойы су тасқынынан зардап шегіп келген болатын. Бұл ауданда су тасқыны қаупі бар аймақта орналасқан барлық елді мекендер қауіпсіздендірілді. Биыл бес ауылда қорғаныс құрылыстары нығайтылып, жаңалары салынды.

Отырыс барысында өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелеріне көп көңіл бөлінді. 76 тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия ұйымдары жұмыс істейтін Қарағанды облысы үшін бұл тақырып өте өзекті болып табылады.

Жеңіс Қасымбек қауіпті өндірістік нысандарды одан әрі жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыру қажеттігін атап өтті. Облыс әкімі негізгі төрт мәселені атады. Бұл моральдық және табиғи тозған технологиялық жабдық, жобалық шешімдерден ауытқу, технологиялық процестердің бұзылуы және әлсіз өндірістік бақылау.

Сенаторлар «АрселорМиттал Теміртау» комбинатындағы 2013 жылы кокс химия өндірісінде түтін мұржасы құлаған кездегі ірі апат туралы еске салды.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Вадим Басиннің айтуынша, осы апаттан кейін биіктігі 100 метрден асатын барлық түтін құбырларын тексеріп, іс-қимыл жоспары қабылданған.

– Бізде 37 жүз метрлік құбырлар бар және биіктігі 250 метр үш құбыр. Тексеру нәтижесінде 13 құбыр жөнделді. ЖЭО-ПВС-дағы екі құбыр бөлшектелді. 180 метрге жаңа құбыр салынады. №5 кокс батареясы үшін жаңа жүз метрлік түтін мұржасының құрылысы аяқталып келеді, ол 2020 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі, – деп түсіндірді Вадим Басин. – Апаталды жағдайда деп танылған ғимараттар мен құрылыстарға келетін болсақ, бұл мәселені де біртіндеп шешеміз. Жөндеу және құрылыс үшін бізде арнайы қор бар.

Кеңес қорытындысы бойынша сенаторлар Қарағанды облысының басшылығы жүргізіп отырған жұмысқа оң баға берді. Олар заңнамалық бастамалар тұрғысынан қолдау көрсетуге уәде берді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған