Жеңіс Қасымбек сауда-ойын-сауық орталықтары мен дәмханалар қашан ашылатынын айтты

Қарағанды облысында сауда орталықтары, дәмханалар мен мейрамханалар 29 мамырда ашылады. Балабақшалардағы кезекші топтар 1 маусымда ашылады. Бұл туралы Saryarqa телеарнасының тікелей эфирінде өткен брифингте Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

29 мамыр күні дәмханалар мен мейрамханалар, 30 адамға дейінгі сыйымдылығы бар жазғы террасалар, қонақ үйлер ашылады. Осы күні сауда-ойын-сауық орталықтары да ашылуы тиіс, алайда оларда орналасқан балалар алаңдары мен кинотеатрлар жабық қалады.

Сондай-ақ, COVID-19 аурушаңдығының өсуі төмендегенде және эпиджағдай тұрақтанар болса, маусым айынының басында Теміртау қаласы мен Ботақара кентін ашу жоспарланған.

Жеңіс Қасымбек карантиндік шаралардың босаңсуына қарамастан, санитарлық талаптарды қатаң сақтау, қоғамдық орындарда маскалар киіп, әлеуметтік қашықтықты сақтау және санитайзерлерді пайдалану қажеттігін атап өтті.

– Карантин – коронавирустық инфекцияның алдын алудың бірден-бір тиімді шарасы. Суық тию белгілері кезіндегі өзін-өзі оқшаулау және дәрігерді жедел шақыру, маскаларды кию, кезекте, қоғамдық көлікте, серуендеу кезінде әлеуметтік қашықтықты сақтау – бұл санитарлық дәрігердің талабы ғана емес, бұл өркениетті қоғамның барлық мүшелері сақтауы тиіс қазіргі заманғы этикеттің жаңа ережелері, – деді ол.

Сондай-ақ, аймақ басшысы КВИ аурушаңдығының өсуі төмендеген жағдайда ғана карантиндік шараларды одан әрі жеңілдетуге болатынын атап өтті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған