Жеңіс Қасымбек отандық тауарларды көбірек пайдалануды талап етті

Карантин кезінде басымдықтардың бірі отандық өндірісті қолдау болуы тиіс. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек мемлекеттік бағдарламалар бойынша жүзеге асырылатын жобаларда қазақстандық және жергілікті тауарларды пайдалануды жеке бақылауға алады.

Жергілікті қамтуды дамыту мәселелері онлайн режимінде өткен аппараттық кеңесте талқыланды.

Өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындары жаңа өнім шығаруды игергені атап өтілді.

Мысалы, құрылыс индустриясы саласында облыста 150 өндіруші жұмыс істейді. Жергілікті тауарлардың ассортименті үлкен: цемент, темір бетонды бұйымдар, металлопластик, радиаторлар, арматура, құрғақ құрылыс қоспалары және т. б. Бұл салада Индустрияландыру картасы бойынша жалпы сомасы 25 млрд теңгеге 13 жоба іске қосылды.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша құрылыс индустриясының 7 жобасы мақұлданды.

Машина жасау, химия өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп сияқты салаларда да даму жүріп жатыр.

Облыста 215 тамақ өнеркәсібінің қайта өңдеу кәсіпорындары тіркелген. АӨК саласында 31 инвестициялық жоба іске асырылуда, оның 12-і ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша. 2020 жылы қайта өңдеу бойынша 8 жобаны енгізу жоспарланған.

Мемлекеттік сатып алу басқармасы алты сала бойынша «Қарапайым заттар экономикасы» жобасындағы жергілікті қамту үлесін талдауды ұсынды. Ең жоғары көрсеткіш – 87,2% – құрылыс материалдары бойынша байқалады. Тамақ өнеркәсібінде ол 67,2%, жеңіл өнеркәсіпте – 46,4% құрайды.

Жеңіс Қасымбек жұмыспен қамту жол картасы нысандарында отандық тауарларды пайдалануды ерекше бақылауға алуды тапсырды.

– Мердігерлердің Қазақстанда және біздің облыста өндірілетін өнімді барынша сатып алуын жеке бақылаймын. Қалалар мен аудандардың әкімдері жергілікті қамтуды бақылауды күшейтуі тиіс. Бұл жұмыс орындары мен салықтар! Өз тұрғындарымызды жұмыспен қамту керек, – деп атап өтті облыс әкімі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған