Жеңіс Қасымбек ірі кәсіпорындарда санитарлық шаралардың сақталуын бақылауды күшейтуді тапсырды

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек аймақтың ірі кәсіпорындарының басшыларымен онлайн-кеңес өткізді. Кездесу тақырыбы санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын бақылау және өндірісте COVID-19 таралуының алдын алу болды. Өңір басшысы басқарушыларға кәсіпорындарда санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын мұқият қадағалауды тапсырды.

«Нұрқазған» кенішінің қызметкерлері арасында коронавирустық инфекцияның өршуі бұл оқиғаның басқа өнеркәсіптік кәсіпорындарда қайталануына жол бермеуіне аймақ билігінің алаңдаушылығын тудырды.

– Сіздер кеніштегі жағдай санаулы күн ішінде бүкіл облыстағы аурушаңдық жағдайын өршітіп жібергенін көріп отырсыздар. Қазір кеніштегі жұмыс тоқтатылған, бірақ бізде жұмысын тоқтатуға болмайтын кәсіпорындар бар. Сондықтан санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын мұқият қадағалау керек. Денсаулық сақтау басқармасы мен бас санитарлық дәрігер беретін ұсыныстарды ескеру қажет, – деді Жеңіс Қасымбек.

Өңіріміздің барлық кәсіпорындары күшейтілген санитарлық тәртіпке көшті. Қызметкерлерді маскалармен және қолғаптармен қамтамасыз етеді, үй-жайларды антисептикалық ерітінділермен өңдейді, жеке заттарға арналған шкафтарды олардың арасындағы қашықтық кемінде бір жарым метр болатындай етіп орналастырады. Зауыттардағы ас блоктары да басқаша жұмыс істей бастады. Көптеген адамдар кезектерді қалыптастырмау үшін өзіне-өзі қызмет көрсету режимін алып тастады. Кейбір мекемелерде асханада түскі ас ланчбокспен алмастырылды.
Ауысым басталар алдында өңірдің барлық кәсіпорындарында қызметкерлердің температурасын өлшейді. Бұл талаптар мердігерлерге де қатысты. Мысалы, ГРЭС-Топарда олардан COVID-19 инфекциясына тексерілу үшін ПТР-талдаудан өтуді талап етеді.

– Резервтік жоспар ретінде біз казармалық режимге көшуді қарастырамыз. Жұмысты бізге ешбір жағдайда тоқтатуға болмайды, сондықтан, қажет болған жағдайда, қызметкерлер жұмыстан соң үйлеріне қайтпай, арнайы қарастырылған үй-жайларға орналастырылады. Мұндай шаралар инфекцияның таралуын тоқтатуға және байланысшылар санын қысқартуға көмектеседі, – деп хабарлады «ГРЭС Топар» ЖШС директоры Евгений Никитин.

Кәсіпорын басшылары қазір өз қызметкерлерін КВИ-ға тестілеуге ерекше көңіл бөледі. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ПТР-талдау жүргізу үшін «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасымен шарт жасасты.
– Қазір біз үшін ерекше мәселе – қызметкерлердің жұмыс орындарына келуін, олардың шахтаға кетуін және түсуін бақылау. Атап айтқанда, бұл әлеуметтік қашықтықты сақтау, маскалық режим, көлік пен үй-жайларды дезинфекциялау. Мұның бәрі бізде сақталады, бірақ қызметкерлерге үнемі бақылау мен нұсқау жасап отыру қаже, – деді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің директоры Андрей Черномаз.

Жеңіс Қасымбек кәсіпорындарда коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алуды ерекше мұқият жүргізуді, сондай-ақ аурудың қайталануы жағдайында жұмыс жоспарын ойластыруды тапсырды. Мамандардың болжамы бойынша, ол Қазақстанда осы жылдың қыркүйек-қазан айларында орын алуы мүмкін.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаевқа міндетті медициналық сақтандыру қорынан қала құраушы кәсіпорындардың қызметкерлері үшін COVID-19 скринингтерін қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған