Жауапты миссия

Азаматтық қорғау қызметінің құрылғанына 25 жыл

Кәсіби мереке Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 19 қазандағы «Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарының құрылымын жетілдіру туралы» Жарлығымен бекітілген. Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитетінің құрылған күні азаматтық қорғау жүйесінің кәсіби мерекесі – Құтқарушы күні болып табылады. Құтқарушылар күнделікті жұмыста қандай мақсаттар мен міндеттерді орындайды, оларға немен күресуге тура келетіндігі жайлы жан-жақты баяндауды жөн санадық.

Биыл азаматтық қорғау қызметінің құрылғанына 25 жыл.  Елдің индустриялық дамуы, жаңа технологияларды енгізу, елді мекендердің, темір жолдар мен автожолдардың инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ қоршаған ортаның өзгеруі төтенше жағдайлардың туындау тәуекелін ұлғайтады. Ал бұл азаматтық қорғау органдарының маңыздылығын арттырады. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев Қазақстан Үкіметіне ҚР Төтенше жағдайлар министрлігін қайта құруды тапсырды. Осыған байланысты мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің құрамынан шығара отырып, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылды.

– Мемлекет басшысының жаңадан құрылған ҚР ТЖ министрлігіне жүктелген міндеттер спектрі өте ауқымды, маңыздысы – халықты  табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау, сондай-ақ азаматтық қорғаныс шараларын жүргізу, – дейді Осакаров ауданының ТЖ бөлімінің бастығы, Азаматтық қорғау подполковнигі Данияр Сүлейменов. – Күнделікті өмірде азаматтық қорғау қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен және басқа да мүдделі мекемелермен бірлесіп ТЖ салдарының алдын алуға және азайтуға бағытталған іс-шараларды жүргізеді.

Ауданның құтқарушылар құрамы Осакаров ауданының ТЖ бөлімі, Осакаровка кентінің №17 өрт сөндіру бөлімі және Молодежный кентінің № 28 өрт сөндіру бекетінен, сондай-ақ Қарағанды облысы ТЖД құрылымдық бөлімшелері болып табылатын Молодежный кентінің трассалық-медициналық құтқару пунктінен тұрады. Азаматтық қорғау гарнизонында жалпы саны 60-тан астам қызметкер, 15 бірліктен астам арнайы және қосалқы техника бар.

Аудан транзиттік болып табылады, яғни республикалық маңызы бар Алматы-Екатеринбург және Қызылорда-Павлодар автожолдары өтеді. Сондықтан қысқы уақытта қар құрсауында қалған адамдарды эвакуациялауға дайындық мәселесіне жіті мән беріледі. Бұл жұмыстарда техникалық қамтылудың маңызы өте зор. Осакаровка кентінің өрт сөндіру бөлімі 10 тонналық су таситын көлікпен және КамАЗ техникасына негізделген автобуспен толықты. Бұған қоса Молодежный кентінің өрт сөндіру бекетіне арналған КамАЗ базасындағы осыған ұқсас өтімділігі жоғары автобус келеді деп күтілуде. Жалпы гарнизон автопаркі 80% жаңартылған. Ірі көлемді ТЖ немесе басқа да оқиғалар кезінде ауданның төтенше жағдайларды жою жоспарына сәйкес меншік нысанына қарамастан, ауданның шаруашылық жүргізуші субъектілерінің қолда бар арнайы техникасы мен адами ресурстары, басқа өңірлер мен ведомстволардың бөлімшелері тартылатын болады.

ТЖ бөлімдерінің басым бағыттардың бірі – су тасқыны салдарын барынша азайту. Мысалы, Пионер ауылын су басуының алдын алу үшін Есіл өзенінің су өткізу деңгейін ұлғайта отырып, Осакаровка-Молодежный автожолындағы көпір қайта жаңғыртылды. Қарағайлы ауылында қорғау білігін тұрғызу және өзен арнасын тереңдете отырып, оны түзету бойынша бірқатар инженерлік жұмыстар жүргізілді. Ұқсас жұмыстар Садовый ауылында және басқа да елді мекендерде қолға алынды. Осы сынды іс-шараларды жоспарлау бюджеттің басымдылығы мен материалдық мүмкіндіктер негізінде жүзеге асырылып келеді.

Мемлекеттік өртке қарсы қызметі жоқ елді-мекендерде өртті жедел сөндіру мақсатында ауыл шаруашылығы ұйымдарының қолдауымен Батпақ, Есіл, Ақпан елді мекендерінде 4 өрт сөндіру бекеті ашылды және аталған жұмысты одан әрі жалғастыру жоспарлануда. Жыл сайын аудан аумағында 200-ден астам өрт тіркеледі, басым бөлігі тұрғын үй секторында орын алады.

– Өкінішке орай, орны толмас қайғылы жағдайлар тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетінің төмендігінен,- дейді құтқарушылар. – Үй иелері электр сымдарын айтпағанда, жылыту пешінің мұржаларын тексермейді. Осы талаптардың бұзылуын байқаса да жоюға асықпайтындар көп.

Құтқарушы мамандығының ең басты міндеті адамдар өмірін құтқару, бұл жоғары және жауапты миссия. Құтқарушы қызметіне екінің бірі қабылдана бермейтіні белгілі. Жұмысқа 18 жастан бастап, денсаулығында ауытқулары жоқ, физикалық бітімі талапқа сәйкес, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылыққа тартылмаған азаматтар қабылданады. Құтқарушы болу үшін арнайы дайындық курстарынан өту талап етіледі. Мысалы, өрт сөндіруші бөлімшеге орналаспас бұрын медициналық, физикалық және арнайы техникалық дайындықтан өтеді. Дайындық курсынан кейін алты айлық оқу және бар. Жалпы, құтқарушының жұмысы қызметтің барлық кезеңінде үнемі оқытумен қатар жүреді, бұл қызметке қойылатын негізгі талаптардың бірі.

Ауданымыздағы бөлімшелердің жеке құрамының 80% – дан астамын қызмет ету мерзімі 5 жылдан төмен жас қызметкерлерлер құрайды екен. Мекеме басшысы құтқарушы қызметін таңдаған жастарға алдымен бұған жауапкершілікпен қарауға кеңес береді. Кейбірі кезекшіліктен кейін демаламыз деп ойлайды. Әрбір ТЖ қызметкері жұмыстан тыс кезде де кезекшілікте де, одан кейін де үнемі назарда болады, қызметте де айтарлықтай шектеулер бар. Кезекшіліктен кейін қызметкер байланыста болуы қажет, дәлірек айтсақ, күрделі оқиғалар туындаған кезде кез-келген уақытта жұмысқа тартылуы мүмкін. Ауданнан тыс жерге шығатын болса, міндетті түрде гарнизон басшылығымен келісіледі. Ауысымнан кейін ол техниканы, өрт-техникалық жабдықты және басқа да құралдарды жөндеу және профилактикалық қызмет көрсетуге тартылады.

Осакаров ауданының ТЖ бөлімінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Данияр Сүлейменов:

– Мұнда ешкім қол қусырып отырмайды. Аптап ыстық пен қақаған аязға қарамастан, тапсырмаларды толықтай орындау қажет. Сондықтан бұл мамандықты таңдаудан бұрын 10 рет ойланып, жақын адамдарыңызбен кеңесуді ұсынамын. Құтқарушы мамандығын саналы түрде, жүрегінің қалауы бойынша таңдағандар көп арамызда. Адамдарды қар құрсауынан құтқарып, жүздеген үйлерді от пен су тасқынынан қорғап, өз өмірлерін қатерге тіксе де, көмекке зәру жандарды аман сақтап қалу құтқарушының басты міндеті. Бүгінде еңбек демалысында болса да, көптеген тәжірибелі қызметкерлеріміз біз туралы ұмытпайды. Гарнизон өміріне әлі де белсенді қатысып, тәжірибелерімен бөліседі, әскери-патриоттық тәрбие тақырыбында кездесулер өткізіп тұрады, – деді өз сөзінде.

Иә, апат айтып келмейді. Тосыннан болған апат кезінде бірінші болып көмекке ұмтылатын төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары. Бұл іс кез келгеннің қолынан келе бермейді. Оған үлкен жүрек, машық, білім мен білік және тәжірибе керек.

Баян Саркен

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған