Жан-жарасын әнмен жазған

Осакаровка кентінің тұрғыны Тәубехан Оңалхан өзінің қимыл – қозғалысы шектеулі болғанына қарамастан жиһаз жасаумен айналысып келеді. Ол бұл кәсіпті үй жұмыстарымен айналысқандай дөңгелетіп отыр.  Ер адам, қолы мен екі аяғының жоқтығына қарамастан, ұста құралдарын өз орнымен қажетінше пайдаланып, шеберлікпен қолөнерді меңгерген. Оның екі аяқсыз туылғанына және жалғыз қолында тек үш саусағы болғанына қарамастан  өмірге деген құштарлығы керемет. Тәубехан Оңалхан жиһаз және дөңгелек үстел, жиналмалы орындықтар, үй жабдықтарын жасайды. Шебер осылайша. жиһаз, ас құралдары, тіпті аяқ киімді де оңай жөндеп, талайды мойындатып келе жатыр.

– Кейде ұзақ жұмыс істегенде қолым ұйып қалады. Бірақ, қол еңбегінен үміт үзбеймін. Мен кішкене үзіліс жасап, ән айта бастаймын. Білесіз бе, ән айту мені жігерлендіріп қана қоймай, шабыттандырады. Біраз уақыттан кейін мен шеберханама жетіп, бұйымның неғұрлым сапалы шығуына бар күшімді, жігер – қайратымды жұмсай бастаймын. Мен бірінші кезекте сапаға назар аударамын. Әр бұйымды әбден сапалы етіп жасап шыққанша орындықта бірнеше сағат отырып, жұмыс істей аламын. Бірақ маған істің нәтижесі ұнайды, – дейді қолөнер шебері Тәубехан Оңалхан.

Ол Моңғолияда көп балалы отбасында дүниеге келген. Орта мектептің 4-сыныбын бітіріп, өзінің қимыл – қозғалысы шектеулі болғанына байланысты мектептен қол үзеді. Қолөнер шеберлігі дәрістерінің негіздерін әкесінен алады. Ата анасы оған арнап бала кезінен ара, қашау және біз сатып әпереді. Ол өзінің қимыл – қозғалысы шектеулі болғанына қарамастан үнемі қолөнермен айналысып,  кейін өзі электр құралдарын игере бастайды. Тұла бойындағы қажырлы қайратына қайран қаласың. Жүрегі жұмсақ, мейрімді жан. Ол мүгедекпін деп қол қусырып қарап отырған жоқ.

Тәубехан Оңалханды ауданда білетіндер аз. Ол өзінің мәселесін басты орынға қойып, тіпті шағымданып та көрмепті. Жұмыс жеткілікті болғандықтан сүйікті ісімен айналысып, өз жұмысының нәтижесінен ләззат алып келеді. Аудан әкімі Нұркен Кобжановтың қолдауымен оның шебер қолынан шыққан орындық үстелдерін аудандық Білім бөлімі тапсырыспен жасатып, жаңадан ашылған мектепке дейінгі білім беретін шағын топтарды қамтамасыз етіпті.

  • Мен мемлекеттен көмек сұрайтын, бірақ өздері ештеңе жасамайтын адамдарды түсінбеймін. Теледидардан жастардың жұмыс істеудің орнына темекі шегетінін, арақ ішетінін, төбелесетінін жиі көремін. Тепсе темір үзетін олардың қолдары мен аяқтары бар, неге сүйікті ермек таппасқа. Мен өзімнің еңбегімнің нәтижесіне қараймын, жаным қуанады. Маған шынымен жетіспейтін жалғыз нәрсе – ол уақыт, – деп сендіреді Тәубехан Оңалхан.

Ағаш шебері ән салғанды, шахмат ойнағанды ​​ұнатады. Ол бірнеше рет аудандық, облыстық байқаулардың жеңімпазы атанды. Бірнеше алғыс хаттардың, спорттық жарыстарда алған үштік алқа иесі. Тәубеханның өмірінде тағы бірнеше хобби бар. Ол тіпті мүмкіндігі бар адамдар жасай алмайтын нәрсені жасайды. Әсіресе сахнаға шыққанда, тыңдармандарын әнімен бағындырады.

«Теледидардан, әлемжеліден көп адамның қоғамға ренжулі екенін көремін. Билікті жамандап жатады. Мемлекетке алақан жаю дұрыс емес. Облыс әкімі тапсырмасымен «Шебердің электр жабдықтарын» аудан әкімі  сыйлады. Мемлекеттік қызметкерлердің тұрғындар алдындағы ерекше жауапкершілігін жақсы түсінемін. Олар шамасы келгенше көшеге сапалы жол салып берсін, үйлерге сапалы ауыз су, көгілдір отыр тартып, коммуналдық төлемдерді арзандатсын. Қалғанын өзіміз жасап аламыз. Қаражат қажет болса еңбек етеміз. Егер бір жақсы бастаманы көтеріп,  әрі қарай дамытуды сұрасаң, үкімет қарап отырмайды ғой», – деді Тәубехан, – осы мақсатта өңірде нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бар деп естіп жатырмын.

«Ағамыз бізбен бірге тұрады, өте мейірімді, көршілерге  жайлы, ауылымызға сыйлы адам. Ерік – жігері мықты, ешкімге алақан жайып көмек сұрамайды. Көңілі ақ, жүрегі таза кісі. Алла ағамызға еселеп сауап жазсын, ісіне сәттілік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», – дейді інісі Төлеухан мен келіні Таңатхан. Және бір бұйымтайлары – жаңа шеберхана құрылысына нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытын мемлекеттік қолдау мақсатындағы жеңілдетілген несие болса деген тілегін жеткізді.

Отбасының қарапайымдылығы сонша қайырымды жандар, демеушілер дегенді айтуға дәттері жетпей қалды. Бәрін өздері игереміз деп отыр. Тек қаражаттың тапшылығы ғана. Қимыл – қозғалысы шектеулі бола  отырып, өз іскерлігімен, жомарттығымен – өзі демеуші, қайырымды жан дерсің. Дайын тұрмыстық бұйымдарын қарызға, бірнеше айға бөліп төлеуге келісімдерін беріп қойған. Шіркін жомарттық…

  • Мен көбіне немерелерімнің ортасында боламын. Солардың қылығын қызықтап, уақыт өткізгенді жақсы көремін. Сәбилердің жүрген жүрісін тамашалап, оларға қолөнерді, ырым-тыйымды бәрін үйретіп отырамын, – дейді жомарт жан.

Шебердің өз қолымен жасап шығарған дөңгелек үстелдері, орындықтар, тағы басқа заттарды өте әдемі әрі сапалы қалпында саудаға шығарылуда. Бір ерекшелігі бұйымдарына шамасынша ұлттық әшекейлер салынған. Шап – шағын жиналмалы орындығы өте ыңғайлы. Үш бүктесең кішірейіп, шағын тақтайдың екі беті бір – біріне жабылып қалады.

Тәубехан Оңалхан жаңа шеберхана салуға үйінің қарсы бетінен 5 сотық жер алыпты, өзінің қалауымен оны да суретке түсіріп алдық. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына осы алқаптан жиһаз жасау кешені бой көтерсе деген үміт. Әзірше «Береке» жеке кәсіпкерлігін үй ішіндегі шағын бұрышта жалғастыруда.

Елуді алқымдап қалған азамат Моңғолиядан Қазақстанға көшіп келген 23 жыл бұрынғы сәтін еске алды. Қонақжай ел көшіп келген қандасын өзіне тартып, алғашында осы Осакаровка кентінде Баттал Ұра деген азамат өз үйінің бір бөлмесін бөліп берген еді. Енді шебер өз үйінің бір бөлмесінен шеберхана ашып, ұлттық ою-өрнекпен жиһаз жасайды. Үстелдер, орындықтар, ас үй шкафтары және т.б. тұрмыс бұйымдарын арзанға бағалап, саудалап келеді.

  • Мен көпшілмін, сондығым болар тапсырысты да көп қабылдаймын. Өз қолымнан шыққан туындыларымның сапалы әрі арзан болғанын жақсы көремін. Жасаған бұйымдарымнан адамдар мін таппай, ренжімей игілігіне жаратсын деп тілеп отырамын. Бақыт адамға бір-ақ рет беріледі. Ешкімге ұқсамай жаратылғаным, менің дара бақытым. Мен өзімді бақытты санаймын, – деді ол әңгіменің соңында, -енді 5 сотық жерден үлкен шеберхана ашсам, онда тұрмыстық жиһаз шығаруды жүйелендіретін боламын. Мұнымен қоймай, жұмыссыз жастарды ұлттық қолөнерге баулып, жұмыс тауып бермекпін, – дейді жүзінен жылулық ескен Тәубехан тамаша бір ән шумағын төгілдіріп.

Сержан Смаханұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған