Жалпыға ортақ қайғы мен қасірет: Карлаг туралы халықаралық шығармалар байқауының Гран при иегері не туралы баяндады

Қарағандыда «Карлаг: болашаққа тағзым» атты жастардың екінші халықаралық шығармалар байқауының қорытындысы шығарылды. Оған Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Германия, Польша елдерінен 112 адам қатысты. Байқау комиссиясы үздік жұмыстарды іріктеп алды. Bolashaq академиясындағы онлайн-конференция барысында жеңімпаздардың есімдері аталды.

Байқауға эссе, әңгімелер, сұхбаттар, өлеңдер, зерттеулер ұсынылды. Авторлар тарихтың қайғыға толы кезеңіне деген өз көзқарастарын және ішкі сезімдерін білдірді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, әр жұмыста тақырып пен шынайылыққа деген бейресми қызығушылық басым болды. Ең жақсыны таңдау қиын болды. Үш адамның орнына 12 жеңімпаз анықталды. Екі Гран-при, екі бірінші орын және төрт екінші және үшінші орын берілді. Тағы 21 шығарма «Отбасы тарихы», «Сезімтал жүрек», «Өңірдің тарихын терең зерттеу» және т. б. номинациялар бойынша атап өтілді.
Бас жүлде иегерлері: Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің студенті Жұлдыз Исина және Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты Айдана Әбішева (шығарма қазақ тілінде) деп танылды.
Болашақ заңгер Жұлдыз Исина эссесін Қарағанды жерінде РСФСР Қылмыстық кодексінің әйгілі 58-бабы бойынша жазаға тартылған саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнады.
«90 жыл бұрын. Сары-Арқа даласында тұтас өнеркәсіп аймағы құрылған уақыт, ол кейіннен ауқымдылығы бойынша елдің үшінші көмір өндірушісіне айналады. Сонымен қатар бұл кезде саяси қуғын-сүргін етек жайып, адамдар еңбекпен түзеу лагерлері жүйесіне тоғытыла бастады. Ауыл шаруашылық бағытындағы мұндай лагерь біздің облыстың қазіргі аумағында да ашылды, – деп жазады студент. – Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінің (Карлаг) барлық лагерлік бөлімшелері мен нүктелерін аралау үшін бір күн де жеткіліксіз болады. Қазір бұл ашық аспан астындағы жалпыға ортақ қайғы мен қасіреттің мекеніне айналған мұражай ретінде қалып отыр. Бұл жерде әрбір шөп көз жаспен суарылып өскен. Әрбір қылқан боз да желмен бір ырғаққа салынып шайқалуда. Оларға қарап, бұл өсімдіктер осында қаны төгіліп, ауы қасіреттен көз жұмған жандардың тыныштығын қорғап тұрғанын сезінемін. Тіпті әрбір ағаштардың жерге иілген бұталары да суық жерді жастанған марқұмдарға бас иіп тұрғандай».

«Жалпыға ортақ қайғы мен қасірет» атты шығарманың авторы Карлаг тұтқындарының азабы мен тауқіметі туралы айтып берді.
Кінәсіздік презумпциясы болған жоқ, деп жазылған эсседе. «Карлагқа жазасын өтеушілер жүк вагондарында Қарабас станциясына жеткізіліп, ол жерден кез келген ауа-райына қарамастан, бекіткен орындарына дейін жаяу жүріп барған. Карлаг бөлімшелері арасындағы қашықтық бір-бірінен 30-40 шақырым болған». Бұл «халық жауы» белгісі бар жазықсыз сотталғандардың бастан кешкендерінің тек шағын ғана бөлшегі.
«Мұнда жер жастанып, мәңгіге қалғандарға құрмет көрсету үшін репрессияға ұшыраған, жер аударылған, арнайы қоныс аударушылар мен әскери тұтқындардың ұрпақтары Қарағанды жеріне әлемнің барлық елдерінен келеді. ( … ) Алдыңғы буынның тарихын біле отырып, біз өзімізге нағыз адами құндылықтардың бағдарын қоя аламыз», – деді Жұлдыз Исина.

Байқау жеңімпаздары жүлделер мен дипломдар алады. Шығармалар Bolashaq академиясының сайтында орналастырылады. Кейінірек жинақ шығарылады.

Жеңімпаздар мен номинанттардың толық тізімі Академия сайтында орналастырылған. (http://kubolashak.kz/novosti/24030/ ).
Bolashaq академиясы 2006 жылдан бастап «Карлаг: болашақ үшін есте сақтау» тарихи-ағартушылық жобасын жүзеге асырады. Оның аясында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 40 жұмыс жарық көрді: кітаптар, фотоальбомдар, ғылыми-зерттеу материалдары, сондай-ақ фильмдер түсірілді.
«Карлаг: болашақ үшін есте сақтау» атты жастардың бірінші халықаралық шығармалар байқауы 2014 жылы өтті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған