Жаңа зертхана мен жылжымалы медициналық кешендер: Қарағанды облысы КВИ екінші толқынына дайындалуда

Қарағандыда мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында әлеуметтік медициналық зертхана ашылды. Автоматтандырылған жабдық тәулігіне 2 мыңға дейін ПТР-тест жүргізуге мүмкіндік береді. ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек жаңа зертхананың жұмысымен танысып қайтты.

– КВИ ықтимал екінші толқынына дайындалуға байланысты ПТР-тестілеу көлемінің артуы аса өзекті. Облыстағы жаңа зертхананың жұмысын ескере отырып, 10 мыңға дейін тест жүргізуге болады, – деді Жеңіс Қасымбек.

COVID-19 бар-жоғын анықтайтын ПТР зерттеуінен басқа, қазіргі заманғы зертханада Siemens анализаторы орнатылған, ол иммуноглобулиндерді G және M оқшаулау арқылы КВИ анализін жүргізуге мүмкіндік береді. Басқаша айтқанда, бұл коронавирустық инфекцияға жедел тест жүргізіледі. Бұл сынақ пациент дерттің өткір кезеңінде екенін немесе антиденелердің дамығанын көрсетеді.

– Бұл әлеуметтік зертхана. Бағалар халықтың барлық топтары үшін қолжетімді болады. Мемлекет бізге үй-жай берді, біз жөндеу жұмыстарын жүргіздік, Siemens және Beckman Coulter сияқты әлемдік өндірушілердің заманауи жабдықтарын орнаттық. Біздің техникамыз клиникалық зерттеулердің барлық түрлерін жүргізуге мүмкіндік береді, сондай-ақ бізде толық автоматтандырылған ПТР-зертхана бар, – деді Sanguis компаниясының директоры Қарлығаш Сыдықова.

Зертхана мемлекеттік тапсырыс бойынша да жұмыс істеуге дайын.

Айта кету керек, зертхана әдеттегі иммуноферменттік және барлық клиникалық-диагностикалық зерттеулер жүргізеді. Жаңа медициналық мекеменің қуаттылығы – жылына 800 мың зерттеу жасау.

Сондай-ақ, Қарағанды облысының Денсаулық сақтау жүйесін коронавирустық инфекцияның жаңа толқынына дайындау аясында біздің өңірге үш жылжымалы медициналық кешен келді. Абай, Осакаров және Жаңаарқа ауданының орталық ауруханаларының директорларына ЖМК кілті табысталды.

– Аймақ КВИ-дің екінші толқынына дайындалуда. Қосымша төсектер ашылып, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық жабдықталуы жақсарды. Бұл кешендер дәрігерлерге, әсіресе шалғай елді мекендерде, жақсы демеу болады. Егер карантин енгізілсе, шығу шектеледі, ал бұл ЖМК жергілікті жерлерде жұмыс істей алады және ауыл тұрғындарына көмектесе алады, – деп атап өтті Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гамаль Тоқсамбаев.

Мобильді диагностикалық медициналық кешен көшпелі жағдайда зерттеулердің кең спектрін жүргізуге мүмкіндік береді. ЖМК арқасында медицина бригадалары енді скрининг, тексеру және кәсіби тексеру жүргізу үшін шалғай елді мекендерге барып, сол жерде қажетті медициналық көмек көрсете алады.

Жылжымалы медициналық кешендер Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» зауытында өндірілді. Машина шанағында термо -, шу – және діріл оқшаулағышы, су өткізбейтін едендік жабын бар. Сондай-ақ, ЖМK қолды зарарсыздандыруға арналған электр сорғымен және диспенсермен жабдықталған.

Арнайы автомобиль цифрлық жабдығы бар жеті кабинеттен тұрады. Бұл жалпы қабылдау кабинеті, жалпы тәжірибе дәрігерінің аймағы, талдауларды қабылдау бөлімі, акушер-гинеколог, функционалдық және сәулелік диагностика кабинеттері, дәріхана пункті.

ЖМК-де рентген және флюорография жасауға болатын қорғасын бөлмесі бар. Сонымен қатар, кешен мүмкіндігі шектеулі жандарды қабылдау үшін пандус-лифтімен жабдықталған.

Жарияланған күні

27 қазан 2020

Қызмет бағыты

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған