Жаңа нысандар мен жұмыс орындары: 2021 жылы Жұмыспен қамтудың жол картасы қандай мәселелерді шешуге көмектеседі

Өткен жылы Қарағанды облысында Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы оң нәтиже берді. Биыл оны жүзеге асыру жалғасады. 2021 жылға 19 ірі жоба жоспарланған. Шамамен 1 200 жұмыс орны құрылады, олардың жартысы тұрақты.

Облыс әкімдігінде өткен кеңесте ЖҚЖК-ның 2020 жылғы қорытындылары мен алдағы жылға арналған жоспарлары талқыланды.

– 2021 жылға Жұмыспен қамту жол картасы бойынша 19 жоба іріктелді. 17 нысан салынады: 1 білім беру, 6 Денсаулық сақтау, 6 спорт, 4 ТКШ. Тағы екі нысан қайта жөндеуден өтеді, – деді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова.

Қарағандыда 600 орындық жаңа мектептің құрылысына қаражат бөлінді. Онкологиялық көмекті жақсарту үшін операциялық-реанимациялық блоктың және позитронды-эмиссиялық компьютерлік томография орталығының құрылысы басталады. Сондай-ақ, облыстық балалар ауруханасын аяқтау мәселесі шешілді.

Саран қаласында орталық қазандық салынып, бұрынғы РТБ зауыты ауданында тағы бір қазандық салу жоспарлануда. Биыл орталықтандырылған қазандық іске қосылуы тиіс Шаханда орамішілік жылу желілерінің құрылысы қаржыландырылады. ЖҚЖК есебінен Балқашты жылумен қамтамасыз ету мәселесі шешіледі.

Приозерск қаласында тазарту құрылыстарын қайта жаңғырту аяқталады. Жаңа спорт нысандары бірқатар қалалар мен ауылдық елді мекендерде пайда болады.

– ЖҚЖК жүзеге асыруда тұрақты жұмыс орындары мен ұзақ мерзімді экономикалық активтерді құруға баса назар аударылды. Биыл алғаш рет ЖҚЖК аясында несие беру қарастырылған. Құрылыс аяқталғаннан кейін пайдалану кезеңінде 800-ден астам адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылады, – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек. – Көптеген жүйелі мәселелер биыл шешіледі. Бірде-бір қала немесе ауыл назардан тыс қалмайды. Ол үшін ЖҚЖК-дан басқа, түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен облыстық бюджеттен қаражат қарастырылған.

2020 жылы Жұмыспен қамту жол картасы бойынша облыста 62 млрд теңгенің 624 жобасы жүзеге асырылды. 16 мың жұмыс орны құрылды. Жұмыспен қамту орталықтары арқылы 8 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты.

Бағдарламаның арқасында миллионнан астам адам тұратын 140 елді мекеннің инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік туды. 30 жаңа нысан салынды: мектептер, балабақшалар, заманауи модульді жұқпалы аурулар ауруханасы, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері және т.б. 458 әлеуметтік-мәдени нысан, инженерлік-көлік инфрақұрылымы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөнделді.

Жергілікті тауар өндірушілер де қолдау тапты. Құрылыс және жөндеу жұмыстарында негізінен отандық материалдар пайдаланылды. ЖҚЖК іске асыру жұмыссыздықтың төмен деңгейін сақтауға мүмкіндік берді – нысандарда іске қосылған 575 бизнес объектісінде жұмыс орындары қамтамасыз етілді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған