Жұмыс сапалы әрі уақытылы аяқталуы тиіс

 Бейсенбі күні аудан әкімі Нұркен Кобжанов «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы жобаларының мердігерлерімен кездесу өткізді. Апта басында осы бағдарламалар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысқан еді.

Жиынды ашқан аудан басшысы мерейтойлар жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламалары аясында ауданымызда көптеген жұмыстар қолға алынғанын атап өтті.

Жиын барысында сөз алған экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ержан Теміров ЖҚЖК бағдарламасымен 35 нысан бойынша 1 млрд. 562 млн 718 мың теңге сомаға барлығы 26 конкурс жарияланып, бүгінгі таңда аяқталғанын айтты. Бұған құрылыс, абаттандыру, иесіз нысандарды бұзу, әлеуметтік-мәдени нысандарды және ТКШ-ны ағымдағы жөндеу, инженерлік-көліктік инфрақұрылымды ағымдағы жөндеу кіріп отыр. Барлық 35 нысан бойынша шарт жасалып, мердігерлер анықталды.

Ал «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында 3 елді мекенде 6 жобаны іске асыру жоспарланған. 4 жоба бойынша конкурстық рәсімдер аяқталды және шарттар жасалған.

Отырыста аудан әкімінің орынбасары Алма Шалабаева 2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасының шарттары бойынша қызметкерлердің жартысы Халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы тартылуы тиістігін атап көрсетті. Қазіргі таңда 182 адам қамтылып отыр. Жұмысқа алу кезінде жұмыссыз жастарға басымдық беріледі. Сондай-ақ, қатысушылардың жалақы мөлшері бойынша шарт бар – ол 85 мың теңге және одан да көп болуы тиістігін мердігерлерге ескертіп, олардан санитарлық-эпидемиологиялық шараларды қолдана отырып, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуді талап етті.

Сонымен қатар біршама сұрақтар шешіліп, аудан басшылығы тарапынан үнемі бақылаудың болатындығы және мәселелер туындайтын болса бірлесе шешуді ұйғарды.

Кездесу соңында аудан басшысы мердігерлерден ең бастысы жұмыс сапалы әрі уақытылы аяқталуы керектігін айтты.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған