Заманауи талаптарға сай сауықтыру орталығы

Өңірімізде жеке кәсіппен айналысып, оны өрбітіп отырған кәсіпкерлер саны артып келеді. Соның жарқын көрінісінің бірі Осакаровка кентінде ашылған  «Meruert» сауықтыру орталығының ашылуы болды. Орталық Халел отбасылық кәсібіне айналмақшы.

Он екінші айдың 12-ші жұлдызында сауықтыру орталығының салтанатты ашылу рәсімінің лентасын кәсіпкер Меруерт Халел мен әріптесі әрі құрбысы Раушан Төлеутайқызы қиды. Дәстүрлі шашу шашылып, туғандары қуанышымен бөлісті.

1993 жылы Медицина ғылыми университеті қарамағындағы Дархан-Уул аймағындағы медицина колледжіне түсіп, Жалпы емдеудің орта дәрежелі дәрігері және медбике мамандығын алып шықты. 2001 жылдын бері массаж түрлері, ине салу, йога жаттығулары түрлері бойынша жұмыс атқарған Меруерт Халел 2007 жылы Қазақстанға қоныс аударды. 2010 жылдан бері аудандық орталық ауруханада еңбек етіп келеді. Еңбектеген баласын әкелген ата-аналар мен буын-буыны сырқыраған қарияларға дейін Меруерт Халелқызына алғыстан басқа айтары жоқ.

Меруерт Халел:

  • Сауықтыру орталығын ашуды көптен армандаған едім. Бұл мақсатыма жолдасым мен ұлымның қолдауымен жетіп отырмын. Жобасын өзім салып, былтыр орталықтың іргетасын құйып, таза өз күшімізбен әрбір кірпішін қаладық. Дертіне дауа іздеп келген әр адамға бар көмегімізді көрсететін боламыз,- деді.

Сауықтыру орталығының ашылу салтанатына келген Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының директоры Ботагос Сыздыкова:

  • Аты айтып тұрғандай, адам денсаулығын нығайтуға, сауықтыруға қызмет көрсететін орталық тек табыс табу үшін емес, халыққа пайдасын тигізу үшін ашылып отыр. Бұған дейін де массаж жасаумен айналысып келген Мерурет ханымның бастамасын қолдадық, шағын бизнестің дамуына әрі қарай көмегімізді көрсетеміз, оның нәтижелі жүзеге асуына атсалысамыз,- деді Ботагос Қасымжанқызы.

Қазығы өткен жылы қағылған орталық бір жыл уақыт ішінде аяқталып, қазір келушілерге қызмет көрсетуге даяр. Мұндағы су жаңа құрылғылардың барлығы шетелден және өз елімізден әкелінген. Ғимарат ішінде емдеу мен сауықтырудың бірнеше түрі жүргізіледі. Атап айтқанда, профилактикалық, яғни денені босаңсыту, қан айналымын, эмоционалды жағдайды жақсарту, сондай-ақ емдік массаж түрлері – нүктелік массаж, классикалық арқа массажы, бүкіл дененің релаксациясы, аяққа массаж жасау, бет пен бас массажы, мойын бұлшықеттерін босаңсыту және т.б.

Келушілер үшін жуыну бөлмесі мен күту залдары да қарастырылған. Сондай-ақ, мұнда қыз-келіншектерге арналған сұлулық кабинеттерін ашу жоспарланып отыр.  Оның ішінде шаштараз, қол мен аяқтың тырнақтарын сәндеу, бет-әлпетті бояу сынды сан түрлі қызмет түрлері ұсынылады.

Сапалы қызмет көрсетілетін орталыққа алдағы уақытта келушілердің қарасы қалың болатыны сөзсіз.

Гүлім Сембай

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған