ТЖ режимі: Қарағанды облысының тұрғындары үшін бұл нені білдіреді
Бүгінгі күннен бастап Қазақстанда төтенше жағдай режимі жұмыс істейді. Аталмыш шара коронавирус COVID-19 таралуын болдырмау үшін енгізілді. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек аппараттық кеңесте аймақтың осы кезеңдегі тыныс-тіршілігі туралы айтып берді.
– ТЖ режимі кезінде ірі дүкендер қысқартылған жұмыс режиміне көшеді – олар 10.00-ден 18.00-ге дейін ашық болады. Супермаркеттер, азық-түлік дүкендері мен азық-түлік базарлары өзгеріссіз жұмыс істейтін болады. Барлық сауда объектілерінде санитарлық қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Ірі сауда желілері мен базарлар иелерінің айтуынша, облыста тауарлар мен өнімдердің тапшылығы жоқ.
– Кинотеатрлар, балалар ойын алаңдары, сауда орталықтарындағы ойын-сауық аймақтары, театрлар, көрме павильондары, түнгі клубтар мен кальяндар жабық болады.
-Сондай-ақ облыста қоғамдық орындарда, мекемелерде және қоғамдық көлікте санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіледі.
– Дәмхана мен мейрамханаларға келушілердің саны мен жұмыс уақыты шектеледі – енді мекемелерде 50-ден астам адам болмауы тиіс. Бұл мекемелер 22.00-ге дейін ғана қызмет етеді.
– Көрермендер жиналатын ойын-сауық іс-шараларына, спорттық жарыстарға тыйым салынады. Отбасылық мерекелер мен естелік іс-шараларға да тыйым салынған.
– Мектептен тыс қосымша білім беру мекемелері уақытша жабылады – үйірмелер, секциялар, аула клубтары.
– Балабақшалар медициналық-санитарлық бақылауды күшейте отырып, жұмысын жалғастырады. Ата-аналар өз қалауы бойынша балабақшаларға баруды шектей алады. Алайда, мемлекеттік балабақшалардағы балалар үшін орын сақталатын болады.
– Стационарлар мен қарттар үйлерінде пациенттерге баруға уақытша тыйым салынған. Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне де баруға болмайды.
– Наурыз мейрамына байланысты көпшілік жиналатын серуендер болмайды.
– Барлық меншік түріндегі кәсіпорындардың иелеріне мүмкіндігінше қызметкерлерді қашықтан жұмыс режиміне көшіру ұсынылады.
– Көліктің кез келген түрі үшін республикадан тыс жерлерге кіру және шығу шектелді. ҚР Сыртқы істер министрлігі шақырған сапарларды қоспағанда.
– Қауіпсіздікті, қоғамдық көліктің, коммуналдық қызметтердің жұмысын қамтамасыз ететін стратегиялық объектілерді күзету күшейтілді. Сондай-ақ медициналық тексеруден жалтарған, эпидемиологиялық жағдайды анықтау үшін деректерді жасыратын, карантиндік режимді бұзған адамдарды бақылауға алу күшейтілетін болады.