Өткен күндер естелігі

Ұлы Отан соғысының ардагері Анна Никаноровна Котова өткен күндер естелігімен бөлісті.

Соғыс жолында 2-ші Украина майданындағы госпитальде медбике болған Анна Никаноровна «бір әскери медбикеге 400 жаралыдан келді»,- деп еске алып, ауыр жылдардың бір күнін айтып берді. – Әр күн жылға бергісіз ауыр болды. Түнімен ұйықтамай, енді көз іліне бергенде, жаралы жауынгерлер «сестричка, сестричка»,- деп шақырады. Біреуіне укол салсам, екіншісіне дәрі беремін. Бірі «жазылып кетемін бе?»,-  деп сұрайды. Майдангерлерді сабырға шақырып, олармен сөйлесіп, жылы сөздерімді аямаймын.

Госпиталь жылжымалы болғандықтан, бір жаралыны аптадан артық ұстамаған. Ең ауыры кеуде және бас жарақаты болғанын айтқан, Анна әжей дәкемен қалай орағанын да көрсетті. Зұлмат жылдарды еске алу оңай болмаса да, Анна Никоноровна әңгімесін тоқтатпады. Орта жастан асқан жауынгердің екі аяғын ампутация жасалып, қайратты адам әйелім қабылдамайды деп күйрегенін көріп, қаршадай қыз: «аман қалғаныңа шүкір, жан жарың сенің тірі келгеніңе қуанады, қабылдайды»,- деп жұбатқан.

  • Бір күні 25 жастағы танкист жігітке кеудесіне ота жасалатын болып, жолдас капитан отаға мына медбикені алыңызшы деп өтінді. Ол отадан кейін сандырақтап, мені шақырып алып «анашым келіп еді, часовойлар жібермей тұр»,- деді. Оның көңілін қимай, мен өткізіп беремін деп, анасын алып келген кейіп таныттым. Ол болса балаша қуанып, қолын созып: «анашым мен тірімін, жақында үйге келемін»,- деді, осыны айтқан Анна әжей сол кезеңді қазір бастан кешіп отырғандай, көз жасына ерік берді.

Жеңісті Венгрияда қарсы алдық, Миша деген связной барлығымызды штабқа шақыртып жатыр дегені есімде. Төрт көзіміз түгел жиналғанда «соғыс аяқталды»,- деді. Қуаныштан бір бірімізді құшақтап, үйге қайтамыз деп ойладық. Сонда командир «жоқ қыздар, біз әлі де бір жыл боламыз, жаралылаларды қабылдаймыз»,- деді, соғыстан соң тағы бір жылды госпитальде өткердік,- деп әжей ауыр күрсінді.

Ауыр ойлардан арылту мақсатымен, жолдасыңызбен қалай кездестіңіз?, сол жайлы айтыңызшы дедім.

  • Әкемді Қазақстанға жіберіп, 1947 жылы көшіп келдік. Отбасымызбен теміржолдағы казармада тұрып жаттық. Сол жылы жолдасым Василиймен таныстым,- деді Анна әжей күйеуі жайлы айтқанда көзі күлімдеп.

Василий Иванович Котов соғыс жылдары алғы шептегі  байланысшы болған. Германияның Одр өзенінен байланыс сымын аузына тістеп жүзіп өткен, қайсар жігіт Чехославакияда жеңісті қарсы алған.

  • Әкем соғыста бір де бір жарақат алмаған. Алғы шепте байланысшы болған әкемнің бір рет жау оғы пилоткасын атып түсірсе, екінші рет шинелі түймеленбей ашық болғанда, шинеліне оқ тиген,- деп қызы Зоч Васильевна сөзге араласты.

Василий Иванович  жас қызды алғашқы кездесуге Осакаровкадағы клубқа шақырған. – – — Менде киер көйлек те болмады, шинель киіп, киноға бардым, сол кеште ол «маған тұрмысқа шығасың ба?»- деп сұрағаны, не дерімді білмей, ата-анам рұқсат берсе, -дедім. Содан бір сиырды еншіге алып, қолыма мысығымды ұстап, ұзатылып кете бардым, махаббат дегенді білмедім,- деп рақаттанып бір күліп алды әжей.

Мейірімді медбике осылайша әңгімесін қайырды. Жүзіңізден күлкі кетпесін Анна әжей, бейбіт өміріміз бен бақытты болашағымыз үшін алғысымыз шексіз!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған