«Тарихтан тағылым – өткенге тағзым»: тоталитарлық өткеннің ащы сабақтарын ұмытуға болмайды

Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған онлайн режимінде дөңгелек үстел өткізді. Іс – шара «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» – «Память во имя будущего» атты халықаралық мәдени жоба аясында өтті. Бейне кездесуге қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен жазушылар тарихтан сабақ алу қажеттілігі туралы айтты.

– Қазақстан халқы үшін бұл күн ерекше мағынаға ие. Қарағанды облысы депортацияланғандарды қабылдады. Мұнда қуғын-сүргінге ұшырағандар жазасын өтеген арнайы лагерлер болған. Тоталитаризм қылмыстары көптеген отбасыларға әсерін тигізді. Біздің борышымыз – бұл қайғылы оқиғаны есте сақтау, ол туралы жас ұрпақ білуі үшін және мұндай оқиғаны қайталамау үшін қолымыздан келгенін жасау, – деді Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын.

Қазақстанда 1997 жыл жалпыұлттық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып жарияланды, деп еске салды Bolashaq Академиясының бірінші проректоры Гүлнар Рысмағамбетова, Қарағанды облысының ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі. Осы жылы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп белгілеу туралы жарлық шығарды. 2011 жылдан бастап ол саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп аталды.

– Белгілі ғалым, саяси қайраткер, қазіргі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбековтың басшылығымен Bolashaq академиясы ұзақ уақыт бойы Үлкен ел тарихының бір мәнді кезеңдерінің бірі – саяси қуғын-сүргін фактілерін зерттеумен айналысады. «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» жобасы аясында ғылыми-зерттеу сипатындағы үш тілде 40 – тан астам кітап жарық көрді, – деп атап өтті Гүлнар Рысмағамбетова.

«Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» жобасы Қазақстандағы идеологиялық жұмыс пен жаңа дүниетанымның бір бөлігі болып табылады, деп ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі, «Азаматтық әлем» Халықаралық коалициясының президенті Қазбек Қазкенов ағынан жарылды.

– Радикалды идеология ғасыры өтті, бірақ біз тарих сабағынан дұрыс қорытынды жасап, оларды ұмытпауымыз керек. ҚХА тарихи жадыны дамытуға зор үлес қосуда, – деп атап өтті ол.

Жаппай саяси қуғын-сүргін жылдары қазақ зиялылары мен мемлекет қайраткерлерінің бүкіл «қаймағы» жойылды. Олардың ішінде Әлихан Бөкейханов, Сәкен Сейфуллин, Нығмет Нұрмақов, Жанайдар Сәдуақасов, Абдолла Асылбеков және т. б. тұлғалар бар.

«Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова деректі фильм мен телебағдарламаларды түсіруді, Нығмет Нұрмақов туралы кітаптар шығаруды ұсынды. Осы жылы мемлекет қайраткерінің 125 жылдығы атап өтіледі, бірақ әлі күнге дейін Нұрмақов туралы мазмұнды еңбектер жоқ. Оның атындағы орталығын Қарағандыдағы Достық үйі жанынан ашқысы келетінін жеткізді.

Сондай-ақ, қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткер Ілияс Ахметовтың ұрпағы, «Алашорда» партиясының мүшесі, жазушы Фараби Ахметов, Қарағанды облысы Мемлекеттік мұрағатының бөлім меңгерушісі Ольга Беркун, «Литуаника» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Виталий Тварионас, «Вайнах» шешен-ингуш бірлестігінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сулим Исакиев және т.б. сөз сөйледі.

kelisim.kz 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған